ЕО дата-орталықтардың энергия мен суды тұтынуын шектемек

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссия энергияны көп қажет ететін дата-орталықтардың су мен электр энергиясын тұтынуын бақылауға арналған жаңа экологиялық нормаларды таныстырды. Ал тиімділіктің ең төменгі стандарттары 2027 жылы ғана күшіне енеді, деп хабарлайды Euronews.

ЕО дата-орталықтардың энергия мен суды тұтынуын шектемек
Фото: habr.com

Еуропалық комиссия одақ елдеріне ортақ дата-орталықтарды бағалау жүйесін жариялады. Ол нысандардың нақты су мен электр энергиясын тұтыну көлемін барынша ашық етуге мүмкіндік береді. Бұл қадам цифрлық индустрияны Еуропаның ортақ энергетикалық экожүйесіне тиімді кіріктіруге бағытталған.

Жаңа бағдарлама қуаты 500 кВт-тан асатын технологиялық нысандарға ғана қолданылады. Оларға берілетін баға энергия жүйесіне пайдалы факторларға байланысты болады. Олардың қатарында жабдықтар бөлетін жылуды қайта пайдалану, таза энергияның балама көздерін құру және тұтыну икемділігін басқару бар. Reuters агенттігінің хабарлауынша, операторлар тұтынылатын судың көлемін жергілікті климаттық тәуекелдермен және өңірдегі су ресурстарының тапшылығымен салыстыруға да міндеттеледі.

Бағалау жүйесі Еуропалық комиссияның 2035 жылға қарай ЕО аумағындағы дата-орталықтардың жалпы қуатын үш есе арттыру жоспары аясында әзірленді. Бұл стратегия үшінші елдердегі ірі технологиялық компанияларға тәуелділікті азайтып, жасанды интеллект саласындағы Еуропаның өз мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған. Жақында Еуропарламент депутаттары Microsoft компаниясының Еуропада әзірленіп жатқан жаңа нормаларға ықпал ету әрекеттеріне алаңдаушылық білдірді.

Энергетикалық дағдарыс жағдайында қоғамның бір бөлігі мұндай ресурсты көп қажет ететін орталықтарды дамытудың қаншалықты орынды екеніне күмән келтіреді. Брюссельдің айтуынша, бұлтты сервистерді, жасанды интеллект пен цифрлық қызметтерді қамтамасыз ету үшін Еуропалық одаққа дата-орталықтар қажет. Сонымен бірге Еуропалық комиссия олардың қарқынды дамуы электр желілеріне, су ресурстарына және жергілікті қауымдастықтарға түсетін жүктемені арттырып отырғанын мойындайды.

Еуропалық одақтың мәліметінше, 2024 жылы Еуропадағы дата-орталықтар 68 тераватт-сағат (ТВт·сағ) электр энергиясын тұтынған. ЕО бағалауынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 114 ТВт·сағатқа дейін өседі. Бұл одақтағы жалпы электр энергиясы тұтынудың 3,2%-ын құрайды. Қазір бұл көрсеткіш 2,5% деңгейінде.

Жаңа тұрақтылық белгісі нысандарды энергия тиімділігі мен су тұтыну көрсеткіштері, сондай-ақ оларға жеткізілетін электр энергиясының көздері бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Алайда 2023 жылдан бері қуаты 500 кВт-тан асатын дата-орталықтарға есеп беру міндеті енгізілгеніне қарамастан, Еуропалық комиссия бұл талаптардың әзірге толық орындалмай отырғанын мойындады.

– Бірінші жылы (...) дата-орталықтардың шамамен үштен бірінен есеп алдық. Екінші жылы жағдай жақсарды, ал үшінші жылдың алдын ала нәтижелері одан да жақсы. Менің ойымша, біз 50 пайыздық көрсеткішке қиындықсыз жетеміз, – деді Еуропалық комиссия өкілі дүйсенбі күні журналистерге берген түсініктемесінде. Ол өз аты-жөнін жарияламауды сұраған.

Сонымен қатар ол нормалардың орындалуын бақылау негізінен ЕО-ға мүше мемлекеттердің жауапкершілігінде екенін атап өтті. Оның айтуынша, нақты бақылау келесі жылдың басында басталады.