Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЕО Қызыл теңіздегі қауіпсіздік шараларын күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ Иран қолдау көрсететін хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазын жабуға дайындалып жатқаны туралы хабарламалар аясында Қызыл теңіздегі қауіпсіздік миссияларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Euronews

ЕО Қызыл теңіздегі қауіпсіздік шараларын күшейтеді
Фото: Fars News

Басылымның мәліметінше, араб тілінен аударғанда «Көз жасы қақпасы» дегенді білдіретін Баб-эль-Мандеб бұғазы – Араб түбегіндегі Йеменді Африка мүйісіндегі Джибути мен Эритреядан бөліп тұрған, ең тар жері шамамен 30 шақырым болатын бұғаз.

Осы бұғаз арқылы әлемдік теңіз тасымалының шамамен 10–15 пайызы, оның ішінде Еуропаға жеткізілетін мұнай мен газдың едәуір бөлігі өтеді. Егер бұғаз жабылса, кемелер Африканың Қайырлы үміт мүйісін айналып өтуге мәжбүр болады. Бұл Азия мен Еуропа арасындағы теңіз қатынасын 2–3 аптаға ұзартып, жүк тасымалының құнын едәуір арттыруы мүмкін.

ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас бейсенбі күні Джибутиге сапары барысында Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқан Aspides және Atalanta әскери-теңіз миссияларына барды.

Сапар барысында Кая Каллас Джибути үкіметімен Aspides операциясы бойынша күштердің мәртебесіне қатысты жаңа келісімге қол қойды. Бұл келісім Еуропаның өңірдегі қауіпсіздік саласындағы қатысуын күшейтуге бағытталған.

Калластың айтуынша, хуситтердің жуырдағы Сауд Арабиясына жасаған зымыран шабуылдары құрлықтағы тұрақсыздықтың теңіздегі қауіпсіздікке де тікелей әсер ететінін көрсетеді.

Басылымның хабарлауынша, Кая Калластың сапары Иранның АҚШ елдің инфрақұрылымына соққы берген жағдайда хуситтерге Баб-эль-Мандеб бұғазын жабуға дайындалуды тапсырғаны туралы ақпаратпен тұспа-тұс келді.

Еске салайық, қақтығыс географиясы Парсы шығанағы елдерін, Иракты, Сирияны және Ормуз бұғазын да қамтып, кеңейіп келеді.