ЕО неліктен Орталық Азияға баса назар аударып отыр – сарапшылар пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия геосаяси периферия болудан арылып, өзіндік стратегиялық күн тәртібін қалыптастыруға қабілетті күштердің дербес орталығына қарқынды айналып келеді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Бекжан Садықов білдірді.

ЕО неліктен Орталық Азияға баса назар аударып отыр – сарапшылар пікірі
Коллаж: Kazinform

- Егер бұрынырақ өңір жаһандық ойыншылардың бәсекелестік кеңістігі ретінде қабылданса, ал бүгінде елдер арасындағы саяси бірліктің артып, сенімнің нығаюының арқасында ол жаңа мүмкіндіктер аймағына айналып келеді. Орталық Азияны тек қана жетекші державалардың күрес алаңы ретінде елестету – өңірдің артып келе жатқан дербестігін елемеушілік, жайдақтық. Қазақстан, Өзбекстан және өңірдің басқа да елдері ықпалдың енжар нысаны болуын қойып, ЕО, Қытай, Ресей, АҚШ мүдделерін теңдестіре отырып, өзінің көпвекторлығын нығайта түсті. 2025 жылдың басты тренді – ықпал ету үшін таңылған күрес емес, егемен мүдделерді жүзеге асыру үшін өңірлік субъектілікті күшейту және сыртқы мүмкіндіктерді пайдалану, - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, халықаралық қатынастағы поликризиске (бір мезетте бірнеше апатты оқиғаның туындауы) қарамастан, қарқынды экономикалық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңінің басталу нышанын Самарқандағы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті қуаттай түседі.

Айта кетерлігі, аталған саммитке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Астанада сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынған болатын.

- Сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастық болашақ іс-қимылдардың маңызды бағыты саналады. Қазақстан Еуроодақтың экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19-ын шығарады. Оның ішінде, уран, титан және вольфрам бар. Біз Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісім аясында геологиялық барлау жүргізуге, тау-кен өндірісі саласына озық тәжірибелерді енгізуге мүдделіміз. Толық әлеуетті пайдалану үшін Астанада сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынамын, - деген еді Президент.

Президент, Орталық Азия - ЕО саммиті
Фото: akorda.kz

Бекжан Садықов Еуропа одағы Орталық Азиямен серіктестікті нығайтудан ұзақ уақыттан бері мызғымай келе жатқанын және бұл үдерісте Қазақстан негізгі рөл атқаратындығын айтады. 

- Қазірдің өзінде Астана ЕО-ның аймақтағы ір экономикалық және логистикалық серіктесі саналады. Мұнан арғы ынтымақтастық дәстүрлі сауда-саттық аясынан шығып, өзара тиімді экономикалық қатынастың жаңа стратегиялық сәулетін қалыптастырып келеді. Мұны жасалған келісімдер дәлелдейді: аса маңызды шикізаттар саласында Еуропалық қайта құру және даму банкмен 3 млн еуро келісімшарты, Еуропалық инвестициялық банк пен Қазақстан даму банкі арасында 200 млн еуроға несиелік шарт, - деді ол.

Сарапшы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселесіне де тоқталды. Өйткені, саммит барысында Қазақстан Президенті Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар екеніне назар аударта келе жоғарыда аталған жобаға тоқталған-ды. 

- Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді дамытып келеді. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайыз артып, 4,5 млн тоннаға жетті. 2027 жылға қарай жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Сарапшы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі аумалы-төкпелі жаһандық жеткізілім тізбегінде Орталық Азияның ықпалдастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанды Батыс – Шығыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарында Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көлік-логистикалық торапқа айналдыратынына сенімді.

саммит 2025
Фото: akorda.kz

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбек Жобаев Еуропа одағы мен Орталық Азия елдерінің Самарқандтағы бірінші саммиті өте көп мәселені көтергенін айтады. Олардың ішіндегі ең негізгісі энергетика, өзара сауда-саттық, көлік-логистика мәселелері екендігіне назар аудартады. 

- Қазіргі уақытта ЕО мен ОА арасындағы қарым-қатынас неліктен одан ары орнығып, нығая түспек? Себебі, Трамп АҚШ Президенті болып сайланғаннан кейін ЕО мен Қытай, АҚШ арасындағы сауда және басқа да мәселеде шиеленіс ара түсіп жатыр. Әсіресе, импорт-экспорт көлемінде АҚШ-тың экспорты аз болып, Қытайдан ЕО-ға және АҚШ-қа экспорттың көп болуы, яғни Американың төлем балансының теріс болуы байқалады. Ал Трамп өзінің сайлауалды бағдарламасын орындау үшін кез келген мемлекетке, тіпті көршісі Канадаға да, Мексикаға да, одан соң Қытай мен ЕО-ға да үлкен баж салығын салып жатыр. Осы баж салығынан энергетика мәселесіне келгенде аздап болса да өздерінің тәуелсіздігін сақтау үшін Еуропа мемлекеттері Орталық Азия елдеріне көңіл бөле бастады. Нақты айтар болсақ, АҚШ Еуропаға сұйытылған газ экспорттап келген еді. Енді оған Еуропа елдері баж салығын салмақшы. Ал ол көгілдір отынның қымбаттауына алып келеді. Демек, Еуропаның кәсіпорындары қиын жағдайға тап болады деген сөз. Осы мәселені шешу мақсатында олар Орталық Азия республикаларына көңіл бөліп отыр. Тоқ етерін айтқанда, сұйытылған газды Америкадан емес, бізден – Орталық Азия елдерінен алмақ. Сонымен қатар ОА елдеріне көмірсутегін, лажы болса болашақта жасыл технологиялармен өндірілетін электр энергиясын да алу ниеттері бар. Бұл бірінші, яғни энергетика мәселесі, - деді сарапшы.

Сапарбек Жобаев екінші мәселе сауда-саттықты жеңілдету екендігін, ал оны шешу үшін көлік-логистиканы жолға қою керектігін алға тартады. 

- Шындығына келгенде, Орталық Азия елдері Еуропаға негізінен тек қана энергетикалық ресурстар – мұнай, газ, көмір жеткізіп тұрды. Ал дайын өнім экспортталмайды. Олар бізге дайын өнім экспорттағанымен, көлемі тым мардымсыз. Біздің негізгі серіктестеріміз – Қытай мен Ресей. Осылардың арасынан сәл де болса тиімді жол табу үшін Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен сауда-саттық мәселесін шешіп алуға, яғни кеңейте түсуге ниетті, - деді ол.

Осы орайда, сарапшы Еуропа үшін Орталық Азия елдерімен көлік-логистикалық мәселелерді шешу неліктен маңызды екендігін тарқатып беруге тырысты.

- Еуропаның негізгі сауда серіктесі – Қытай. Бұрын Қытай тауарларын Қызыл теңіз арқылы, Суец каналы арқылы кемемен 35-40 күнде Еуропаға жеткізетін. Ал хусейттер Қызыл теңізде жүзетін кемелерге жиі шабуыл жасағаннан кейін ол жол қауіпті болып кетті. Сондықтан Қытай Ресейдің Транссібір темір жолы арқылы Еуропаға тауарларын жеткізетін. Қазіргі уақытта Ресей санкция құрығына ілігіп отыр. Сондықтан орталық жол ғана қалды. Бұл – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Түркия арқылы Еуропаға шығатын жол. Әрине, бұл жол күрделі. Себебі жүкті 2-3 рет түсіріп, қайта тиеуге байланысты мәселесі бар. Бірақ, қазіргі уақытта осы жолды дұрыстап цифрландырса, жемқорлықты азайтса, онда бұл бағдар өте тиімді бола түсер еді. Осы мәселеге орай. Еуропалық одақ Орталық Азия елдерімен ымыраға келіп, жемқорлықты, кедендегі келеңсіздіктерді шешуге әрекет жасап жатыр. Кедендегі келеңсіздіктерді, жемқорлықты азайту – Еуропаның қолынан келу-келмеуі мүмкін екінші мәселе. Бірақ, қазіргі уақытта Еуропа мен Қытай арасында қатынайтын контейнерлердің оннан бірі орталық жол арқылы жүзеге асырылмақ. Осының өзі біз үшін өте үлкен көлемдегі табыс алуға жол ашады, - деді Сапарбек Жобаев.

Соңғы жаңалықтар