ЕО-ның бес елі заңсыз мигранттарды үшінші елдерге жіберудің жаңа жүйесін әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Дания, Аустрия, Германия, Нидерланд және Грекия Еуропалық одақтан тыс елдерде заңсыз мигранттарға арналған «қайтару орталықтарын» құрудың ортақ моделін әзірледі, деп хабарлайды Euronews.

Испания Сеутадаги вояга етмаган мигрантлар сонини қайта ҳисоблаб чиқди
Фото: DW

Бұл туралы бес елдің ішкі істер министрлерінің Копенгагенде өткен кездесуінен кейін мәлім болды. Олар 2027 жылға қарай алғашқы заңсыз мигранттарды ЕО аумағынан тыс орналасқан орталықтарға жіберуге дайын болуды жоспарлап отыр.

«Қайтару орталықтарына» осы бес елден баспана сұрап, өтініші қабылданбаған, бірақ шыққан еліне қайтару мүмкін болмаған адамдар орналастырылмақ.

Қазір бес мемлекет мұндай орталықтарды бір немесе бірнеше серіктес елдің аумағында құру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Әзірге ықтимал серіктестер ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда бірқатар БАҚ Уганда мен Руанданы ықтимал нұсқалардың қатарына жатқызады.

– Бүгін қабылданған қағидаттар алдағы жұмыстың негізін қалайды. Біздің мақсатымыз – 2027 жылға қарай алғашқы заңсыз мигранттарды ЕО-дан тыс серіктес елге жіберуге дайын болу, – деді Данияның көші-қон істері жөніндегі министрі Мортен Бёдсков.

Оның айтуынша, мұндай орталықтар «түрме» немесе «қамау лагері» болмайды. Дания министрі оларды серіктес елдер заңсыз мигранттарға жаңа мүмкіндік беретін орын ретінде сипаттады.

Жоспар бойынша орталықтарды Дания, Аустрия, Германия, Нидерланд және Грекия толық қаржыландырады. Бұған қоса, олар серіктес мемлекеттерге қосымша қаржылай қолдау көрсетіп, коммерциялық келісімдер немесе басқа да ынталандыру шараларын ұсына алады.

Жобаға арналған құжатта қайтару орталықтарының жүйесі ЕО-ға кірмейтін мемлекеттермен тең және өзара тиімді серіктестік негізінде құрылатыны айтылған.

– Біздің ортақ мақсатымыз – заңсыз миграцияны нөлге дейін төмендету, – деді Аустрияның ішкі істер министрі Герхард Карнер.

Грекияның көші-қон мәселелері жөніндегі министрі Танос Плевристің айтуынша, ықтимал серіктестермен келіссөздер жалғасып жатыр және талқылаулар барған сайын мазмұнды сипат алып келеді. Ол келісімнің жақын арада жарияланатынына үміт білдірді.

Бес елдің министрлері қыркүйек айының соңында Мюнхенде қайта кездесуді жоспарлап отыр.

Биыл маусымда Еуропарламент ЕО елдеріне одаққа кірмейтін мемлекеттермен келісім негізінде осындай қайтару орталықтарын құруға мүмкіндік беретін көші-қон туралы жаңа заңды мақұлдаған. «Қайтару туралы регламенттің» түпкілікті қабылдануы ЕО елдері мақұлдағаннан кейін биылғы күзде күтіледі.

ЕО-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігі мұндай орталықтарды құруға қызығушылық танытып отыр. Италия қазірдің өзінде Албаниямен бірлесіп осыған ұқсас жобаны жүзеге асырып жатыр.

Алайда еуропалық қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар бұл бастаманы сынға алды.

– Адамдарды ЕО-дан тыс жердегі депортациялық орталықтарға жіберу балаларды, ересектер мен отбасыларды Еуропада қалыптастырған өмірінен ажыратып, өздері мүлде білмейтін жерлерде ұзақ уақыт ұстауға әкеледі, – деді құжатсыз мигранттардың құқықтарын қорғайтын Брюссельдегі PICUM ұйымының директоры Мишель ЛеВуа.

Айта кетейік, Сеутада мигранттар лагері өртеніп, наразылық қақтығысқа ұласты.