ЕО Ормуз бұғазындағы дағдарысқа байланысты экономикалық өсім болжамын төмендетті
АСТАНА. KAZINFORM – Еурокомиссия Ормуз бұғазындағы дағдарыс пен энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттауына байланысты Еуроодақ экономикасының 2026 жылға арналған өсім болжамын төмендетті, деп хабарлайды Euronews.
Брюссельдің жаңартылған болжамына сәйкес, ЕО экономикасы биыл 1,1%-ға ғана өседі. Бұған дейінгі күзгі болжамда бұл көрсеткіш 1,4% деңгейінде болған.
Ал еуроаймақ бойынша өсім болжамы 0,9%-ға дейін төмендетілді.
Еурокомиссия баяндамасында Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс әлемдік энергетикалық нарықтардың жұмысына кері әсер етіп, Еуропаның экономикалық перспективаларын айтарлықтай нашарлатқаны айтылған.
– 2026 жылдың ақпан айының соңына дейін ЕО экономикасы баяу өсім көрсетіп, инфляция төмендейді деп күтілген еді. Алайда қақтығыс басталғалы болжам айтарлықтай өзгерді, – делінген құжатта.
Сарапшылар Ормуз бұғазындағы жағдай мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне себеп болып, Еуропада инфляцияның жеделдеуіне алып келетінін болжады.
Қазір ЕО бойынша инфляция 3,1%-ға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұл бұрынғы болжамнан бір пайыздық тармаққа жоғары.
Еурокомиссия қазіргі жағдайды 2022 жылғы Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейінгі энергетикалық дағдарыспен салыстырды.
– Бұл соңғы бес жылдағы екінші ірі энергетикалық соққы, – деп мәлімдеді комиссия өкілдері.
Құжатта Еуропаның импорттық қазба отындарына тәуелділігі геосаяси шиеленістер кезінде одақты әлсіз ететіні атап өтілген.
Болжам бойынша, тұтынушылар сенімі индексі соңғы 40 айдағы ең төменгі деңгейге түскен. Тұрғындар коммуналдық төлемдердің қымбаттауынан қауіптенсе, бизнес шығындардың өсуі мен сұраныстың төмендеуіне тап болып отыр.
Сондай-ақ инвестиция көлемі қысқарып, экспорт өсімі баяулайды деп күтіледі.
Соған қарамастан, Брюссель Еуроодақтың қазіргі жағдайға 2022 жылмен салыстырғанда жақсырақ дайын екенін мәлімдеді. Бұған жаңартылатын энергия көздеріне салынған инвестициялар, газ тұтынудың азаюы және энергия жеткізуді әртараптандыру шаралары әсер еткен.
– Энергия көздерін әртараптандыру, декарбонизация және энергия тұтынуды азайту ЕО экономикасының қазіргі соққыға жақсырақ дайын болуына мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Дегенмен Еурокомиссия тәуекелдердің әлі де жоғары екенін ескертті.
Құжатта Ормуз бұғазындағы немесе Таяу Шығыстағы жеткізу тізбектеріндегі ұзаққа созылған қиындықтар энергия бағасының одан әрі өсуіне және Еуропа экономикасының қалпына келуін тежейтін факторға айналуы мүмкін екені айтылған.
Сондай-ақ мұнай өнімдері, тыңайтқыштар және өнеркәсіптік компоненттер тапшылығы азық-түлік пен өндіріс бағасының қымбаттауына алып келуі ықтимал.
Еуропа үкіметтері де бюджетке түсетін қысымның күшеюіне дайындалып жатыр. Энергия бағасының өсуінен халықты қорғау және қорғаныс шығындарын арттыру үшін көптеген елде бюджет тапшылығы ұлғаяды деп күтіледі.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Еурокомиссияны энергия бағасының қымбаттауынан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін бюджет ережелерін жұмсартуға шақырды.
Оның айтуынша, энергетикалық қауіпсіздік қорғаныс мәселесімен бірдей деңгейде қарастырылуы тиіс.
Айта кетейік, Франция НАТО-ның Ормуз бұғазындағы миссияға қатысу мүмкіндігін жоққа шығарды.