ЕО Трамп әкімшілігінен алкоголь, макарон және ірімшікке салынатын тарифтерден босатуды сұрайды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне Еуропалық одақ үшін маңызды бірқатар тауарды америкалық кедендік тарифтерден босату туралы өтініш жолдамақ. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Еурокомиссия Украинамен ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздерді жалғастыруды қолдайды
Фото: freepik

ЕО сұраған тауарлар тізімі 27 беттен тұрады және ол Politico басылымына белгілі болған.

Брюссель Вашингтон енгізген жоғары тарифтерден қорғағысы келетін негізгі тауарлардың арасында паста, ірімшік, шарап, күшті алкоголь өнімдері, сондай-ақ зәйтүн майы мен күннен қорғайтын көзілдіріктер бар.

Бұдан бөлек, тізімге алмаздар, құрал-саймандар, металл құбырлар, кеме қозғалтқыштарының бөлшектері, өндірістік жабдық, мата, аяқ киім, бас киімдер, керамика және өнеркәсіптік роботтар кірген.

Бұл тізім жұма күні ЕО елдерімен келісіліп, дүйсенбіде АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютникке және АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грирге ұсынылады.

Аталған экспорттық секторлар Трамп пен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен шілде айында Шотландиядағы Тернберри гольф-курортында жасасқан сауда келісімі аясында қамтылмаған.

Бірлескен мәлімдемеде егжей-тегжейлі жазылған сол келісім кейбір тауарды, мысалы ұшақтарды, тарифтен босатқанымен, көптеген басқа еуропалық тауарларға 15 пайыздық тариф енгізді. Ал ЕО өз кезегінде АҚШ-тың өнеркәсіптік тауарларына салынатын барлық тарифтерді толық алып тастауға міндеттенген.

ЕО-ның макарон өнімдеріне салынған тарифтерді алып тастау туралы өтініші әсіресе Италия үшін өзекті. Өйткені бұл елде сала қазір қиындыққа тап болып отыр: Трамп әкімшілігі 2026 жылдың қаңтарынан бастап антидемпингтік іс аясында макаронға 92 пайыздық тариф енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қазіргі 15 пайыздық тарифтен бөлек есептеліп отыр.

Бұған дейін Швейцария Д. Трамп әкімшілігінен тарифтердің төмендетілуіне қол жеткізгені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар