Ералы Тоғжанов: Әкімдіктер апатты мектептерді жою бойынша нақты шешім қабылдауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 қыркүйекке дейін еліміздегі барлық мектеп пен балабақша бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мектеп жүйесінде әлі күнге дейін 237 проблемалы мектеп бар. Сонау 2017 жылы-ақ білім беру мемлекеттік бағдарламасы аясында олардың барлығы жойылуы тиіс еді. Жаңа мемлекеттік бағдарламада 800 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Апатты жағдайда балалар білім алып жатқан кезде мектеп сапасына, стандартына қатысты мәселе туындайды. Мұндай мектептердің басым бөлігі Батыс Қазақстан облысында 12, ал Түркістан облысында 7 және Атырау мен Жамбыл облыстарында 5-тен қалып отыр. Барлық әкімдіктерге шұғыл арада апаттық, үш ауысымды мектептерді жою бойынша нақты шешім қабылдауды, қабылданған шаралар туралы баяндауды тапсырамын. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Кеше ғана барлық өңірлерге тапсырма бердім. Мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірлер де бар», - деді Ералы Тоғжанов педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.

Сонымен қатар ол білім мазмұны мен сапасына қатысты да өте өзекті мәселе қалып отырғандығын айтты. Мәселен, 2018 жылы PISA нәтижесі барлық көрсеткіштер бойынша Қазақстанның ТМД елдерінен қалып қойғандығын көрсеткен. Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жою қажеттігіне баса назар аудартты.

«Тағы бір маңызды мәселе - мектепте балалардың қауіпсіз болуы. 2 200 мектепте дәретхана далада орналасқан. Мектептерді жылы санитарлық желімен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешу қажет. Бұған қоса, 1 қыркүйекке дейін мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Облыс орталықтары мен қалалалардағы мектептер мамандандырылған күзетке көшуі қажет», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар