Ералы Тоғжанов балабақшалардың жұмыс сапасы көрсеткішін шұғыл енгізуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде тәрбиешілердің 25 пайыздан астамында балабақшада жұмыс істеуге қажетті білім жоқ. бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Білім беру саласында күрделі міндеттер тұр. Бүгінде білім беру жүйесінде көп проблемалар жинақталып қалды. Оның ішінде балалардың қауіпсіздігі, олардың тәрбиелік және білімділік деңгейі, педагогтардың кәсібилігі, инновациялар саны бар. Әлемдік рейтингтердің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бала тәрбиесі бойынша соңғы 73-орынға тұрақтады. PISA нәтижесі оқушылардың сауаттылығы төмендігін көрсетті. Сондықтан байыпты сараптама қажет. Білімнің барлық санатындағы жағдайды жақсарту бойынша бүкіл шараларды қабылдау керек», - деді Ералы Тоғжанов педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.

Сонымен қатар ол елімізде балабақшалар санының арта түскендігін, соңғы 3 жылда ғана 891 балабақша ашылғандығын айта келе, сапа мәселесіне ерекше тоқталды.

«Бүгінде олар қоғамның да, ата-аналардың да көңілінен шықпайды. Бұл проблеманы жан басына қаржыландыру да шеше алмайды. Барлығы үшін бірдей мемлекеттік тапсырыс жекеменшік және мемлекеттік балабақшаларда әртүрлі орналастырылады. Бұл жұмыс сапасына белгілі бір деңгейде күдік тудырады. Балалардың кезегі сақталып, кезекке қою баяу автоматтандырылуда. Балалардың 40 пайызы ғана электронды жолдама алған», - деді ол.

Премьер-Министр орынбасарының дерегінше, елімізде тәрбиешілердің 25 пайыздан астамында балабақшада жұмыс істеуге қажетті білімі жоқ.

«Әлемдік тәжірибеде қабылданған балабақшалардың жұмыс сапасы көрсеткішін шұғыл енгізуді тапсырамын. Бұл көрсеткіште ата-аналардың қанағаттанушылық деңгейін, қоғам бағасын, балалардың дамуы деңгейін, тамақтану сапасын қосу қажет», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар