Ералы Тоғжанов «сары» аймақтағы өңірлерде карантинді күшейтуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Дельта» штамына тән COVID-19 мутациясы анықталғаннан кейін Қазақстандағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Эпидахуалдың ушығуына байланысты вице-премьер облыс әкімдіктеріне «сары» аймақта орналасқан өңірлерде күшейтілген шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Премьер-Министрдің орынбасары ел бойынша вакциналаудың жоғары қарқынына қарамастан, бүгінде Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыс белсенділігінің төмен екенін атап өтті.

Сондай-ақ әкімдіктерге мобильді бригадалардың шығуын ұйымдастыру арқылы ауыл тұрғындарын вакциналау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов мониторингілік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды, әсіресе Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында белсендендіру қажет.

«Ashyq» жобасына қатысатын бизнес субъектілерінің қызметіне жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес «Атамекен» ҰКП ұсынысы бойынша келушілердің мәртебесін тексермейтін 464 нысанды жүйеден 2 аптаға алып тастау туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, әкімдіктерге келушілердің тым аз саны тексерілетін 2,4 мыңнан астам «Ashyq» қатысушыларын тексеру тапсырылды.

ВАК отырысында Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ПТР-тестілерді қолдан жасау және өткізу фактілері бойынша жыл басынан бері полиция органдары 23 қылмыстық іс, ал жалған вакцинация паспорттарын пайдалану фактілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалғанын баяндады.

Ералы Тоғжанов Ішкі істер министрлігіне ПТР-тест нәтижелерін және вакцинация паспорттарын қолдан жасаумен айналысатын адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жаңа оқу жылына дәстүрлі форматта дайындалу мақсатында ВАК төрағасы өңірлердің әкімдіктеріне білім беру мекемелерін алдын ала дайындап, қойылатын санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру қажеттігін айтты.

Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары өзге де бірқатар маңызды тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар