Ердоған сыйға тартқан кітаптың идея авторы Қазақстанда марапатқа ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Президент «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы. Түркия-Қазақстан қатынастары» кітабының идея-авторы наградтады.

Күршад Зорлу: Қазақстан – Орта дәліздің шешуші нүктесі
Фото: Күршад Зорлудың жеке мұрағатынан

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйға тартылған «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы. Түркия-Қазақстан қатынастары» атты кітапты құрастырған әрі идея авторы Түркияның Әділеттілік және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары — Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлу ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Еске салайық, аталған кітапты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған 14-15 мамыр аралығында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында алғашқы болып ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған болатын. 10 академик пен автордың ғылыми-талдамалық материалдары топтастырылған және қазақ, түрік тілдерінде жарық көрген жинақ-кітап қазір цифрлық платформаларда қолжетімді.

Айта кетейік, кітаптың алғы сөзін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі жазды.

— Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар алдағы кезеңде одан әрі нығайып, тереңдей түсетініне сеніміміз мол. Осындай еңбектер өзара түсіністікті күшейтіп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ортақ тарих пен болашаққа деген көзқарасты нығайтатын маңызды міндет атқаратыны сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы көпжақты ынтымақтастық тетіктері арқылы екіжақты өлшемнен асып түсті. Қадірлі бауырым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген көшбасшылығының арқасында бұл қатынастар өзара күш-жігеріміздің нәтижесінде жаңа серпінге ие болды, — деп атап өтті Ердоған кіріспе сөзде.

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Күршад Зорлуды ІІ дәрежелі «Достық» медалімен марапаттады. Күршад Зорлу Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық байланыс алдағы уақытта да нығая беретініне сенім білдірді.

— Аса құрметті Президент мырза, осы маңызды күнде мұндай жоғары марапатқа мені лайық көргеніңіз үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, Президентіміз Р.Ердоғанның ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Өткен апта Президентіміздің Қазақстанға жоғары деңгейдегі сапары өтті. Бұл сапарда «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы орденді дүниежүзінде тұңғыш болып біздің еліміздің басшысына табыстадыңыз. Бұл үшін сізге үлкен алғыс білдіреміз. Қазақстан мен Түркияның бауырластығы нығая берсін. Қазақстан елі жасай берсін, — деді Түркияның Әділеттілік және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Күршад Зорлу Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас екі ел мен түркі дүниесінің ғана емес, бүкіл Еуразияның болашағын айқындайтын зор әлеуетке ие екенін айтты.

Еске салсақ, 13 мамырда Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды қарсы алды.

Қазақстан мен Түркия арасында мәңгілік достық туралы келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар, Тоқаев пен Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты.