Ерекше баланың қолын бұраған: Алматыда балалар орталығындағы оқиға бойынша іс қозғалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде жаттықтырушының кішкентай баланың қолын бұрап жатқаны бейнеленген бейнежазба жарияланды.

Ерекше баланың қолын бұраған: Алматыда балалар орталығындағы оқиға бойынша іс қозғалды
Фото: видеодан алынған скрин

Желідегі мәліметке сәйкес, оқиға Алматыдағы «Феникс» балалар түзету орталығында болған. 

– Алматы қаласы Әйтеке би көшесінде орналасқан «Феникс» орталығында диагнозы бар балаларды жүйелі түрде ұрып-соғады. Балалардың басынан таяқпен, жұдырықпен ұрып, қорлық көрсетеді – мұның бәрін ата-аналар өз көздерімен көрді. Бейнежазбаларды полиция алып кетті. Біз, ерекше балалардың ата-аналары, орталық жұмысын ары қарай да жалғастыра ма деп қорқамыз. «Феникс» орталығының директоры өз қызметкерлерін қорғаштап отыр, - деп жазды бейнежазбаны жариялаған ата-аналардың бірі.

Бейнежазбаға байланысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева пікір білдірді. Ол қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, бейнематериалдар алынғанын атап өтті. Алматы қаласының полиция департаменті де қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын толық және объективті анықтауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Тергеу аясында бейнебақылау камераларының жазбалары алынды. Қатысушылар мен куәгерлерден жауап алынады, сондай-ақ қажетті іс-жүргізу әрекеттері тағайындалады, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде баланы ұрып-соғып, базарда жұмыс істеуге мәжбүрлеген өгей әке сотталды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум