Ерен энергетик - Шапық Шоқыұлы
ТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат - «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Осынау нақылды шығарған халқымыздың жадында атымен де, хатымен де мәңгі есте қалатын кемел тұлғалар баршылық. Солардың бірі - Шапық Шоқыұлы.
ҚазАқпарат бүгін «Халық қаһарманы» айдарымен еліміздің энергетика саласының дамуына айрықша үлес қосқан академик-ғалым, Қазақстанның халық қаһарманы Шапық Шоқыұлының өнегелі өмір жолына қысқаша шолуды ұсынады. 1912 жылдың қазан айының 1-інде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген Шапық 6 жасында әкесі Шоқы қайтыс болғандықтан, әкесінің ағасы Риза Шоқыұлының қолында тәрбиеленіпті. Ал Риза Шоқыұлының өміріне қатысты кейбір деректер оның үлкен партия қайраткері болғандығын баяндайды. Олай болса, Шапық Шоқыұлының қалыптасуында Риза Шоқыұлының өнегесі де үлгі болғаны анық. Ол әкесінен ерте айырылған баланы бауырына басып қана қоймай, оның ілім-білімге деген құштарлығын оятып, бойына біткен асыл қасиеттерінің жетіле түсуіне ықпал еткен сыңайлы. Шапық Шоқыұлы бастапқы сауатын 1920 жылдары ауыл балалары мен шаруа жастары мектептерінен ашады. Оқу-тоқуын кейін тәжірибелі мамандарымен танымал көне Қарқаралы педагогикалық техникумында жалғастырады. Деректерге сүйенсек, бұл 1926 жылдардың кезі. Ғылым, білімге деген құштарлығы ерте бастан-ақ байқала бастаған дарынды жасқа жалғыз техникумның жалаң білімі нәр болмаған болуы керек, ол 1931-1933 жылдар аралығында Ташкенттегі Ортаазиялық инженерлер және ирригация техниктері институтында білім алады. Ал 1934 жылы С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтының Гидромелиоративтік факультетіне түсіп, оны 1937 жылы тәмамдап шығады. Шапық Шоқыұлы жастайынан қоғам өміріне белсенді араласып, ылғи да қатарының алды бола білген жан. Мысалы, ол Ташкентте оқып жүргенде Ортаазиялық пролетариат студенттер бюросының төраға орынбасары қызметін атқарса, Омбыда оқып жүрген кезінде өзі оқыған қаланың Қазақстандық жерлес студенттер бюросының төрағасы болады. Сондай-ақ ол 1937 жылдан 1939 жылға дейін Қазақ ССР-нің Халықтық жер комитетіндегі Қазақ Республикалық тресі ауыл шаруашылығын электрлендіру жөніндегі бас инженері, 1939 жылы осы трест директорының техника саласы бойынша орынбасары қызметін атқарған. Ал 1943 жылы оны әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың өзі шақырып алып, КСРО Ғылым академиясы филиалының энергетика секторының меңгерушісі етіп тағайындайды. Кейіннен бұл сектор негізінде Энергетика институты ашылып, Шапық Шоқыұлы 1989 жылға дейін осы мекемені басқарды. Аталмыш білім ордасы ол жетекшілік еткен жылдары энергетика саласындағы ең ірі білім ошақтарының біріне айналды. Ш.Шоқыұлының біліктілік тұлғасын танытқан жетістіктері бұл ғана емес. 1954-1955 жылдары ол Қазақ Ғылым академиясының Минералдық ресурстар бөлімінің төрағасы қызметін атқарып, 1954-1968 жылдары Қазақ Ғылым академиясының төралқа мүшесі болған. Ал 1955-1962 жылдары Ғылым академиясының Бас ғылыми хатшысы қызметін атқарып, 1956-1962 жылдары Алматы қалалық партия комитетінің мүшесі болған. Ал 1965 жылы әйгілі академик Қаныш Сәтбаев өмірден қайтқан соң Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметіне тағайындалған. Бұл қызметті ол 1967 жылға дейін атқарады. Жоғарғы Кеңестің 6-шы шақырылымының депутаты және осы шақырылымның КСРО Жоғарғы Кеңесінің Одақтар кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерінде де абыройлы еңбек етеді. Одан кейінгі жылдары ол КСРО-ның Жоғары, орта және арнайы білім беру министрлігінің Жоғары аттестациялау комиссиясының мүшесі, Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының құрметті директоры қызметтерін атқарды. Ш.Шоқыұлы Қазақстан энергетикасын дамытудағы ғылыми-техникалық кешенді болжау жүйесінің негізін салған. Ол сонымен қатар еліміздің отын-энергетикалық кешенін қалыптастыру ісінің басында тұрды. Энергетика ғылыми-зерттеу институтын жарты ғасырға жуық басқарды. Ертіс-Қарағанды арнасы, Қапшағай ГЭС-і сияқты жобалардың авторы болды. Қазақстан Ғылым академиясының дамуына зор үлес қосты. Өзінің өнегелі өмір жолында елге, жерге осынша қызмет қылған азамат 1996 жылы «Қазақстанның халық қаһарманы» жоғары атағына лайық деп танылды.