Ереуілдемей есті жию қажет, ерегістен не шықты - Мұрат Әбенов

АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында орын алған тәртіпсіздіктерге байланысты ҚР Парламенті Мәжілісі 4 шақырылымының депутаты болған Мұрат Әбенов ҚазАқпарат тілшісіне өз ойын білдірді.

Ереуілдемей есті жию қажет, ерегістен не шықты - Мұрат Әбенов

Ереуілдемей есті жию қажет, ерегістен не шықты? Шеру жасап біреу мүддесіне жетті, табысқа кеңелді дегенді естімеппін. Ливия, Ирак, Египеттегі жағдайлар соның айқын дәлелі. Кейінге қарау керек, халық разы ма жоқ па, бұл қылық таза-ақ па?

Ашуға салынып, заңды бұза отырып, түзету, әділтік туралы айту дұрыс емес. Кекету, сөгіс сөзден қайтуымыз керек. Бұл жерде біреуді табалап, таптаудың қажеті жоқ. Ұқпағанды сынға салу керек. Оқ атылса,
қайтып алып, улы найза саптамауымыз қажет. Мазақ боламыз.

«Ызақордың іші тар» - демекші, кейбіреулер қара басының қамы үшін тыныш елді бөліп, араздатып жатыр. Өкініштісі, келелі сөз айтатын кейбір саясаткерлер қалыптасқан жағдайдың, істің байыбына бармай, сайлаушыларға жағамын деп ұпай жинауда. Кімнің кім екені осындайда байқалып қалып жатыр. Әрқайсымыз қоғамнын алдында жауапкершілікті сезінуіміз керек.

Бүгінгі оқиғада ішкі істер органдарының қызметкерлері ерекше салмақтылық, байсалдылық танытты, арандатушылықтан аулақ болды. Алаңдағы сахнаны қояйықшы, әкімдік, қонақ үй, жеке ғимараттар мен көліктерді өртегенге дейін араласпаса, онда олар қай кезде қоғамдық тәртіпті орнатады, азаматтарды қорғайды? Ақтөбе, Тараздағы «қаралы тәжірибеден» кейін үйреніп осындай жағдайда жылдам шара қабылдап, өз-өздеріне жауапкершілік алуға дайын екенін байқатты. Бұл жағдайда полицияны күнәлаудан аулақ болуымыз қажет.