Ереван, Алматы және Ақтау қалаларын жаңа әуе бағыттары байланыстырады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Армения арасындағы әуе қатынасы жаңа серпін алып, алдағы айларда елдер арасында тікелей рейстер іске қосылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

ұшақ
Фото: pexels

Осылайша, 2026 жылғы 12 маусымнан бастап Арменияның ұлттық әуе компаниясы Ереван — Алматы — Ереван бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасын ашады. Рейстер аптасына екі рет — дүйсенбі және жұма күндері Арменияның «Звартноц» халықаралық әуежайынан орындалады.

Сонымен қатар, сәуір айының екінші жартысында Ақтау — Ереван бағыты бойынша тікелей рейстер қайта жанданады. Ұшу жиілігі де аптасына екі рет болады.

Бағыттар желісінің кеңеюі екі ел арасындағы іскерлік және туристік сапарларды едәуір жеңілдетіп, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстардың дамуына серпін береді деп күтілуде.

Бұған дейін Қазақстан мен Армения тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру және дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген болатын.