Ерейментау ауданында Елбасының Жолдауын түсіндіру шаралары қолға алынды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында Елбасының «Дағдарыстан - дамуға» атты Жолдауын жұртшылық ортасында кеңінен түсіндіру мақсатымен үгіт-насихат топтары жұмысқа кірісті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Үгіт тобының құрамында «Нұр Отан» ХДП өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері бар. Олар арнайы кестеге орай елді мекендерде болып, тұрғындармен Жолдау аясында пікір алмасуда. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының аудандық филиалының қолдауымен депутаттар фракциясы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізіп, толғандырған мәселелерін шешуге атсалысуда. Мұнда негізінен зейнетақы, тұрғын үй, сумен қамту, жер телімдерін бөлу сынды сауалдар қозғалып отыр. Ауданда азаматтардың жұмысқа орналасу мониторингі жасалып, сол бойынша шаралар қолға алынуда. Қазіргі кезде 175 адамды қоғамдық жұмысқа тарту, 35 адамды әлеуметтік жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып, азаматтардың енді бір тобы қайта даярлауға жолданды. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен үш миллион теңге қарастырылған.