Ерейментау ауданында жарты жыл ішінде кәсіпкерліктен бюджетке 70 миллион теңге түсті
КӨКШЕТАУ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында ағымдағы жылдың алғашқы жартысында шағын және орта бизнес нысандарынан бюджетке 70 миллион теңге құйылды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,6 есеге артық,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде өңірде 1456 кәсіпкерлік нысан тіркелген, ол өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға артық. Аймақ бойынша өз несібесін шағын және орта бизнестен тауып отырғандар қатары былтырғы жылға қарағанда 12 пайызға артып, 3192-ге жеткен. Осы уақыт аралығында олардың қажырлы еңбегімен 153,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген, өсім өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызды құрайды.
Өңірде шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің 43,3 пайызы сауда-саттық саласында, 35,3 пайызы ауыл шаруашылығында, 16,7 пайызы тұрмыстық техника мен көлікке техникалық қызмет көрсету жүйесінде тіркелген. Жыл ішінде шағын бизнес жүйесінде 254 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 117-сі ауылдық жерлерде.