Ерейментау аймағында экотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар - "Табиғат әлемі" экологиялық-ағарту орталығы

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Ерейментау аймағында экотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Осы аймақта экология мәселелеріне арналған екікүндік семинар өткізген "Табиғат әлемі" экологиялық-ағарту орталығының мамандары осындай байламға келіп отыр.

Ерейментау аймағында экотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар - "Табиғат әлемі" экологиялық-ағарту орталығы

Бұл пікірді семинарға қатысқан экологтар, оқытушылар, туризм саласын басқаратын жергілікті атқарушы орган өкілдері, ұлттық парктер мен туристік бизнес субъектілерінің өкілдері де қолдап отыр. "Табиғат әлемі" экологиялық-ағарту орталығының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде Ақмола облысының туризм саласы экология мамандарын қатты қызықтырады. Жыл сайын мұнда 15 мемлекеттен делегациялар келеді екен. Шетелдік меймандарды негізінен жергілікті халықтың мәдениеті, тарихы мен табиғаты қызықтырып отыр.

Осы ретте аймақтағы туристік әлеуеті өте зор орындардың бірі Ерейментау ауданы десе болады. Былтырдан бастап, өңірдегі орман, тау және дала экожүйесін сақтау және дамыту мақсатында «Табиғат әлемі» экологиялық-ағарту орталығы экологиялық туризмді дамытуды қолға алды. Орталық қазір Ерейментау аймағының табиғи ерекшеліктерін толығымен көріп, білуге мүмкіндік беретін арнайы екі бағыт дайындады. Семинарға қатысушылар шара аясында осы «Қарағайлы», «Жаушоқы» деп аталатын экологиялық бағыттармен танысты. «Қарағайлы» бағытына жасалған сапар барысында экологтар Түрік қағанаты кезеңінде граниттен қашалып жасалған құнды жәдігерлер - балбал тастарды тамашалады. Ал ондағы «Қос батыр», «Қарағайлы 1» және «Қарағайлы 2» ескерткіштері бұрынғы шеберлердің Түрік қағанаты жауынгерін сомдай отырып, оның батылдығын, қайратын жеткізе алуымен ерекшеленеді.

Ал екінші, яғни «Жаушоқы» бағыты - «Бұрайтау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан өтеді. «Жаушоқы» табиғи факторлардың салдарынан қираған тау қалашығының белгісі, шошақ таулар мен шоқылы тастардың шоғыры болып табылады. Қарағайлы орман, қайың мен көк терегі аралас өскен жартастардың ортасында әулиебұлақ ағып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәусәр бұлақ суы түрлі дертке шипа болып келеді. Бұл жер жидек пен саңырауқұлаққа да бай. Сонымен қатар жаз ортасында шие мен бүлдірген де қалың өседі. Ал ондағы жануарлардың түрлері өте көп.

Осыған куә болған меймандар сапар барысында Қарағайлы ауылына да ат басын бұрып, жергілікті халықтың әдет-ғұрпымен танысты. Семинарға қатысушылар Ақмырза аулы көкпаршыларының өнерлерін тамашалады. «Табиғат әлемі» орталығы өкілдерінің пайымдауынша, батылдық пен ержүректiлiкке баулитын қазақтың ұлттық ойыны - «көкпар» алдағы уақытта Қарағайлы ауылында дәстүрге айналмақ.