Ерейментау жел электрстансасы желтоқсанда іске қосылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Ерейментау ауданында орналасқан жаңа жел электрстансасы 2015 жылдың желтоқсан айында іске қосылмақ.
Бұл туралы «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің Ұлыбританияға жасаған сапары аясында еліміздің жел электрстансаларын дамыту бойынша Еуропаның даму және қайта құру банкімен бірқатар келісімдер жасалған болатын.
«Біз Ерейментау жел паркін салып бітірдік. 45 МВт қуаты бар кешен Қазақстан электр тұтынушыларының игілігіне қызмет істемек. Іске қосуды осы жылдың желтоқсан айына жоспарлап отырмыз. Аталмыш станса ЭКСПО-2017 қалашығын электр қуатымен қамтамасыз етеді деп жоспарланғандықтан, парктің қуатын Еуропаның даму және қайта құру банкінің және Таза технологиялар қорының қаржыландыруымен 50МВт-қа дейін күшейту жоспарда бар», - деді А.Сатқалиев.
Сонымен қатар оның атап өткеніндей, Еуропалық даму және қайта құру банкінің қатысуымен Шардара СЭС жаңғырту жоспарда бар. 2017 жылы оның қуаты 100 МВт-тан 126 МВт-қа жеткізілмек.