Ерейментаулықтар Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аудан орталығының 50 жылдығын дүркіретіп атап өтті

Малтабар ауылының маңында ұйымдастырылған мерекелік шара ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесімен басталып, мәдени ойын-сауықтыру бағдарламасына ұласты. Әсіресе, село, ауылдық округ әкімдері көмегімен қаз-қатар тігілген киіз үйлер тойдың шырайын келтірді.
Сондай-ақ, тұспа-тұс келген осынау мерейтойлардың құрметіне түрлі номинациялар бойынша байқау ұйымдастырылды. Шара барысында оның қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды аудан әкімі Ермек Нұғыманов салтанатты түрде марапаттады.
Тойдың тұздығы ретінде ұлттық ат спорты түрлері бойынша өткен жарысты той қонақтары мен көрермендер қызыға тамашалады. Жеңімпаздардың барлығы бағалалы сыйлықтар мен арнайы дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар «Торғай», «Кенеткөл НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдері ұсынылған көрме де өтті.