ERG компаниясы 7 мың жұмыс орнын цифрландырмақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков тау-кен өнеркәсібін цифрландыру кеншілердің жұмыс орнына қалай әсер ететінін айтты.

- ERG компаниясы бірқатар цифрлық жобаларды іске қосты. Мәселен, өндірістегі жүк көтергіш механизмдер қашықтан басқарылып, 7 мыңнан астам зиянды және қауіпті жұмыс орны цифрланып жатыр. «Шығыс» көмір кенішінде роботтандырылған самосвалдар қолданылып, 2,5 млн тоннадан астам тау жынысын тасымалдады. Kazakhmys компаниясында жерасты сымсыз радиобайланыс, қызметкерлер мен көлікті позициялау және қауіпті өндіріс жұмысшыларына арналған автоматтандырылған медициналық тексеру жүйелері іске қосылды, - деді ол.
Айтуынша, KazMinerals кенді ұсатудан бастап концентрат шығаруға дейін толық цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатыр. Ал карьерлердің 3D моделін қалыптастыру үшін квадрокоптерлер қолданыла бастаған.
- Бұл жаңа цифрлық технологиялар жұмыс орындарының қысқаруына алып келмейтінін атап өткен жөн. Қызметкерлер қайта даярлау арқылы кәсіпорын ішінде басқа жұмыс орындарына орналасып жатыр. «Qarmet» шахтадағы газ деңгейін тәулік бойы бақылайтын, ондағы әрбір жұмысшының орнын қадағалайтын цифрлық жүйе енгізді. Сонымен қатар магистралдық ленталы конвейерлерге өрт сөндіру жүйесін автоматты түрде қосуға мүмкіндік беретін жабдықтар қойылып жатыр, - деді Олжас Сапарбеков.
Айта кету керек, елімізде алтын қымбаттап, бір грамының бағасы шамамен 56 527 теңгеге жетті.