ERG Рудныйда темір зауытын салу туралы стратегиялық келісімшарт жасасты
АСТАНА.KAZINFORM - Eurasian Resources Group компаниясы Primetals Technologies Austria GmbH және Midrex Technologies Inc консорциумымен Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу туралы стратегиялық келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Kazinorm агенттігінің тілшісі.

Жаңа зауыттың жылдық өндірістік қуаты 2 миллион тоннаға жетеді.
Келісімшарт инженерия, негізгі технологиялық жабдықтар жеткізу және зауыт құрылысы бойынша бірқатар қызметтерді қамтиды.
Келісімге салтанатты түрде қол қою Рудный қаласында өтті.
Жаңа заман зауыты
Болашақ зауыт Орталық Азиядағы ең ірі жасыл металлургия нысандарының біріне айналатыны айтылды. Металдануы 93%-дан кем емес және құрамындағы темірі 90%-дан жоғары шойын өндіру Қазақстанның әлемдік болат нарығына бәсекеге қабілетті өнімдермен шығуына мүмкіндік береді.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында ішкі нарықта да, халықаралық нарықта да бәсекеге қабілетті жоғары өңделген өнім шығару басымдық болатынын бірнеше рет айтты. Ал консорциуммен келісімшартқа отыру - ERG-нің Қазақстанның металлургия саласын дамытудағы көшбасшылығын білдіретін стратегиялық қадам болады. Біз жоғары технологиялық өндіріс құруға талпынып жатырмыз, ол Қазақстандағы жасыл металлургия өнеркәсібін дамытудың жаңа перспективаларын ашып, жұмыс орындарын құру және білікті адами капиталды дамытуға жәрдемдеседі, - деп атап өтті ERG бас атқарушы директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ыстық брикеттелген шойын зауытының құрылысы 17 республикалық бастамаға енген облыс пен республика үшін басты жоба болатынын атап өтті.
- Жобалық-сметалық құжаттамалар қазірдің өзінде дайын, құрылыстың тезірек басталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл жоба біздің азаматтар үшін көптеген жұмыс орындарын ашады, салық түсімдерін түсіреді және өңір экономикасын айтарлықтай нығайтады, - деді облыс әкімі.
Жобаны топтың еншілес кәсіпорны «QazIron ERG» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 2 миллион тонна ыстық брикеттелген темірді құраса, инвестиция көлемі 650 миллиард теңгеден асады деп жоспарланған. Іске қосу 2029 жылға жоспарланып, 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Жұмыс күшін дамыту қазірдің өзінде басталып кетті.
- Біз жобаға 650 миллиард теңге (1,2 миллиард доллардан астам) инвестиция салып жатырмыз. Бұл компанияның өнім желісін кеңейтіп, ресурстық базасын нығайтып, өндірістің келесі деңгейіне — тау-кен өндіруден жоғары қосылған құны бар өнімге көшуге мүмкіндік береді. Біз Рудный индустриалды университетімен белсенді жұмыс істеп, болашақ өндіріс үшін кадрлар дайындап жатырмыз, сондай-ақ қазірдің өзінде Рудный индустриялық университетімен байланыс орнатылды, - деді ERG бас директоры, директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

Экологиялық технологиялар
Өндіріс кокс орнына табиғи газ пайдаланатын MIDREX Flex темір технологиясына негізделетін болады, бұл дәстүрлі технологиямен салыстырғанда көміртегі ізін 50%-дан астам азайтады.
Кәсіпорын өз өндірісіндегі («ССГПО» АҚ) тотығуға ұшыраған темір кені түйіршіктерін қайта өңдейді және алынған ыстық өнімді болашақ болат балқыту цехына тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба серіктестері металлургиялық технологияның әлемдік көшбасшылары.
Midrex Technologies Inc. ыстық брикеттелген темір өндірісінің әлемдік нарығының шамамен 90% құрайды және 50 жыл ішінде 21 елде 100-ге жуық зауыт салды.

Primetals Technologies Austria GmbH – қара және түсті металлургия өнеркәсібіне арналған жабдықтар мен инженерлік шешімдердің жетекші өндірушісі.
- Бұл ауқымды жоба Қазақстанның металлургия өнеркәсібінде жаңа дәуір бастап, ERG-дің әлемдік нарықтағы орнын нығайтады. Оған қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. MIDREX Flex - өз сегментінде әлемдегі ең экологиялық таза шешім болып саналады, - деп атап өтті Primetals Technologies атқарушы вице-президенті Андреас Фибек.
Аустрияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Андреа Бахер сәтті бастама мен болашаққа арналған ауқымды жоспарлар туралы айтты.
-Primetals Technologies компаниясы - әлем бойынша жұмыс істейтін аустриялық жетекші компаниялардың бірі. Бірлескен жобамыз аймақтың дамуына айтарлықтай серпін беріп, Аустрия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтады. Менің Аустрия елшісі ретіндегі мақсатым – Қазақстан аймақтарында аустриялық компанияларға жол ашу, ал бұл үшін Қостанай облысының әлеуеті зор, - деді ол.
Жоба Қостанай облысы мен еліміздің индустриялық дамуына маңызды үлес болмақ. Ыстық брикеттелген темір зауыты экономиканы әртараптандыруға көмектеседі.