ERG тобы Павлодар облысы үшін маңызды жобаларды қаржыландыруға 1,75 млрд теңге қаржы бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар облысы әкімдігі және Еуразиялық Топ (ERG) арасында Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша 2015 жылға арналған меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Маңызды құжатқа Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «Еуразиялық Топ» ЖШС Басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев қол қойды.

- ERG тобына Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуетін құрайтын ірі жүйеқұраушы кәсіпорындар кіреді. Биыл ізгі дәстүрді жалғастыра отырып, Еуразиялық топ Павлодар облысы үшін маңызды экономикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени жобаларды қаржыландыруға 1,75 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді. Меморандум аясында біз білім беру мекемелеріне, әлеуметтік қамсыздандыру саласына, мәдени нысандарға, спорт пен елді мекендерді абаттандыруға қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті облыс әкімі Қ.Бозымбаев. Әлеуметтік жобалардың ішінде трамвай вагондарын сатып алу, Ақсу қаласында жабық хоккей кортының құрылысын жүргізу, Балалар шығармашылық үйі спорт залына күрделі жөндеу жасау, Павлодар қаласындағы №4 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, аулаішілік аумақтарды абаттандыру және т.б. сынды маңызды ірі жобалар бар.

Сонымен қатар облыстың білім беру және мамандандырылған балаларға арналған мекемелеріне демеушілік көрсету, ардагерлер мен аз қамтылған топтарға қолдау жасау өз жалғасын табатын болады.

Биыл мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық оңалту орталығы, жартылай стационар бойынша әлеуметтік қызмет көрсету үшін қарттар мен мүгедектерге қайырымдылық көмек бағыттау жоспарланып отыр. Ақсу қара металлургия колледжінің материалдық-техникалық базасын жабдықтау, сондай-ақ Ақсу қаласының мәдени және ойын-сауық орталығына музыка және кино тарату жабдықтарды сатып алуда көмек көрсетілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы Меморандум аясында аталған орталыққа жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Енді Ақсу қаласына қарасты кентте кинотеатр жұмысы жасайтын болады.

Сондай-ақ тұрғындарды спортпен шұғылдануға белсенді тарту мақсатында облыста спорт салаларын дамыту мен насихаттауға біршама қаражат бөлінеді.

Қаржыландыруды «ERG Көмек» КФ және «Қазақстан алюминийі» АҚ жүзеге асыратын болады.

Соңғы жаңалықтар