Еркін күрес: Қазақстанның әйелдер құрамасы Делиде өтетін Азия чемпионатына қатысады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің спорт» сайтының мәліметінше, алайда бұл біріншілікке біздің команданың көшбасшылары - Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина мен Татьяна Богатюк қатыспайды. Құраманың бас жаттықтырушысы Саржан Жақсыбековтың айтуынша, Т. Богатюк Азия чемпионатына жарақатына байланысты қатыспайды, Ал, Е. Шалыгина болса Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр. Себебі, бұл жарыстың дәрежесі құрлықтық турнирден жоғары. Елена үшін Азия чемпионатына қарағанда, Азиадада табысты өнер көрсету маңызды болып тұр. Ал, Азия чемпионатында жас спортшыларды сынайтын мүмкіндік туып отыр. Дели кілемінде ел намысын Элеонора Әбутәліпова, Жұлдыз Ишимова, Айым Әбділдина, Меруерт Дыңбаева, Ольга Калинина және Ольга Жәнібекова қорғайды. Қазақстан құрамасы үздік үштіктің қатарынан табылуды көздеп отыр.
Біздің құрама чемпионат алдындағы бірінші дайындығын Бакуде өткізген, ал сәуір айының соңында бірнеше құрамамен бірге халықаралық турнирге қатысқан. Ол аяқталғасын Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізген.