Еркін Тұқымов әлем елдеріне төнетін ең үлкен қауіпті атады

«Барлық елдер үшін ең үлкен қауіп – тәуелсіздігінен айрылып қалу. Бізде қазір мұндай қауіп жоқ, бірақ соған қарамастан әрқашан сырттан қандай қатер бар екенін нақты бағалай білу керек. Бұл біз айтқандай терроризм мен экстремизм мәселесі ғана емес. Бұл климат және су тапшылығы мәселелері», - деп тоқталды ҚСЗИ директоры БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Еркін Тұқымовтың пайымына сай, қазір Қазақстанға түбегейлі экономикалық реформалар қажет.
«ХХІ ғасыр – Азия дәуірі. Өйткені ол бүкіл әлемнің инновациялық және саяси орталығына айналуда. Әлем халықының 60%-ы Азияда тұрады. Сондықтан біз Орталық Азияның нақты маңызын түсінуіміз керек. Қазір бізге түбегейлі экономикалық реформалар қажет. Біз оған енді бет бұрып жатырмыз. Бұл бағытта кіммен бірлесе жұмыс істеп, даму процесін жалғастырамыз? Менің ойымша, бірінші кезекте Азия. Бұл - Қытай, Үндістан. Сондықтан, менің ойымша, сыртқы саясатта біз бұрынғы ұстанымдардан айырылмауымыз қажет. Бұл - көпвекторлы саясат», - деді Еркін Тұқымов.
Ол сондай-ақ форум қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігі, тіпті Мемлекет басшысының өзі үшін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін елордада Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатқанын хабарлап едік. Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.