Еріктілер қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы маңызды миссия атқарып келеді — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына жолдаған үндеуі жарияланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазіргідей алмағайып заманда еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы аса маңызды миссия атқарып келе жатқанын айтты.

— Жоғары мәртебелі! Құрметті делегаттар! Орнықты даму мақсаттарына сай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған алқалы жиында сөз сөйлеу — мен үшін зор мәртебе. Бұл айтулы уақиға еріктілердің рөлін күшейтуге, олардың ұлттық және жаһандық прогреске қосатын үлесін еселеуге бағытталған ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Қазақстан халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық жасай отырып, осы бастаманы көтерді. Еріктілер қозғалысы Орнықты даму мақсаттарына жету жолындағы азаматтық белсенділік пен прогреске ықпал ететін ізгі амалдың жасампаздық қуатына айналарына кәміл сенеміз. Қазіргідей алмағайып заманда еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы аса маңызды миссия атқарып келеді. БҰҰ Еріктілер бағдарламасы дүние жүзінің әр қиырында қызмет етеді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бір мақсатқа жұмылдырады. Жер-жаһандағы миллиондаған адам Ұйымнан бөлек те волонтерлік қызметке атсалысады, — деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін — еріктілер күні. Осыған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еріктілерді мерекесімен құттықтады. 

Сонымен қатар Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы мен «Игі істер марафонының» 70 лауреаты марапатталды. «Жыл волонтері» сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдан бері жыл сайын тапсырылып келеді. Осы уақытқа дейін 297 волонтёр лауреат атанды. 

Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлердің барлығына алғыс айтып, лауреаттарды марапаттағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар