Ерлан Ақкенженов ЕАЭО ортақ энергетикалық нарығының перспективасы туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ортақ энергетикалық нарықтардың жұмыс істеу перспективалары туралы 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық форум аясында айтты.
Министрдің пікірінше, серіктестік қатынастарды дамыту және сауданың бірыңғай алгоритмдерін қалыптастыру сенімділікке, реттеудің болжамдылығына және өзара тиімділікке негізделуі тиіс.
Мұнай, мұнай өнімдері, газ және электр энергиясы бойынша ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен қалыптастыру мәселесіне тоқталған Министр конструктивті макроэкономикалық ұстанымды атап өтті.
Бұл ашық энергетикалық кеңістікті дамыту болашақтағы макроөңірлік интеграцияға жасалған сенімді қадам ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттер бұл жұмысты бір-бірінің ұлттық мүдделерін, қолданыстағы екіжақты келісімдерді міндетті түрде ескере отырып және өз азаматтары мен өнеркәсібін сенімді қамтамасыз ету басымдығын сақтай отырып үйлестіруі қажет.
-Біз шынайы тұрақты, реалистік әрі өзара тиімді тетіктер қалыптастырылған жағдайда еуразиялық энергетикалық интеграцияның кең мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл осындай прагматикалық әрі жан-жақты есептелген бірлескен жұмыс Одағымыздың ұзақ мерзімді іргетасын қалыптастырып, ортақ нарықтық үдерістерді жасанды немесе формалды жеделдетуге байланысты тәуекелдерден қорғайды, — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Ортақ тұрақты энергетикалық архитектураны қалыптастырудың маңызды негізі — Одақ елдері арасында бүгінде қалыптасқан берік практикалық байланыстар. Қазіргі таңда Қазақстан Ресей Федерациясымен мұнай-газ кешені мен электр энергетикасы саласында нәтижелі ынтымақтастық орнатқан, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен су-энергетикалық теңгерімді табысты үйлестіріп отыр. Сонымен қатар Беларусь пен Армениядағы серіктестермен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша сараптамалық тәжірибе алмасу жолға қойылды.
ЕАЭО-ның болашақ нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі жоғары технологияларды дамыту болуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы Қазақстанның энергетика саласы үшін нақты тәжірибеге айналды. Бүгінде жасанды интеллект технологиялары отандық энергетиканың барлық негізгі бағыттарына белсенді енгізіліп жатыр. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Министрлік серіктестерді заманауи IT-шешімдерді ЕАЭО-ның ортақ нарығына кеңінен енгізуге шақырады. Диспетчерлік болжау деңгейінде жасанды интеллект элементтерін қолдану Одақ мемлекеттеріне ең жоғары жүктеме кезеңдерінде өз энергетикалық жүйелерін қауіпсіз әрі тиімді басқаруға, ұлттық мүдделер теңгерімін толық сақтауға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық әріптестігі қалай дамып келе жатқаны туралы материал жарияладық.