«Адал азамат» бағдарламасының мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатыр – Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Конституцияның қабылдануына және қоғамда кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге орай «Адал азамат» бағдарламасы мен брендбук мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатыр, деп жазды бүгін өзінің Instagram парақшасында, ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы барлық білім беру мекемесіне енгізілді. Бағдарламаның мақсаты – оқушыларды еңбекқорлық, әдептілік, білімпаздық, жауапкершілік және тазалық сияқты құндылықтарға баулу. Осылайша, әр білім беру ұйымының бұл бағыттағы жұмысты өз бетінше жүргізу тәжірибесі тоқтатылып, тәрбие үдерісі толық орталықтандырылды.
-«Адал азамат» бағдарламасының мазмұнын жаңа талаптар мен сұраныстарға, сондай-ақ іргелі өзгерістерге сәйкес тұрақты түрде жаңартып отыру маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Конституцияның қабылдануына және қоғамда кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге орай бағдарлама мен брендбук мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатыр,-деді Ерлан Қарин.
Биыл республика бойынша бағдарламамен 2 мың мектепті қамту жоспарланған. Астана қаласында жоспарға енгізілген 120 мектептің 90-ында тиісті жұмыстар ойдағыдай атқарылды. Бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен дизайн-код қоғамдық этиканың жаңа жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты тәртіп пен тазалыққа баулып, жасампаз әрі прогрессивті құндылықтарды дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес еліміздің мектептерінде бірыңғай тәрбиелік орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы жаздық.