Ерлан Қарин: Мемлекет басшысының реформалары елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында елімізде жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижелері өңірлерде айқын көрініс тауып жатыр. Кейінгі жылдары жаңа автожолдар, теміржол желілері, әуежайлар, сапаржайлар, көпірлер және басқа да инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға беріліп, халықтың игілігіне қызмет ете бастады.
Ерлан Қарин өз кезегінде журналист Әділ Балтабаевтың дайындаған видеосына ерекше алғысын білдірді. Мемлекеттік кеңесші сондай-ақ қазіргі реформалардың халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын және елдің әр аймағында жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылып жатқанын жеткізді. Ол сонымен қатар елдегі оң өзгерістердің алдағы уақытта да жалғасатынын және жаңа жобалардың жүзеге асырылатынын айтты.
– Президент жүргізіп отырған саясаттың бірден-бір үлкен жетістігі – қоғамдық санада басталған өзгеріс. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан», «Заң және Тәртіп» қағидаттарын жалпыұлттық құндылық ретінде орнықтыруда. Ендігі мақсат – бұл құндылықтарды қоғамдық санада тереңдету, оны әрбір адамның дағдысы мен әдетіне айналдыру. Бүгінде жастарымыз айтып жүргендей қазақтың прайм-эрасы басталғанына өз басым кәміл сенемін, - деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин Конституциялық реформаны іске асыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтқан еді.