Ерлан Қарин мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастар саласына қатысты тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған жиын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қарин
Фото: akorda.kz

Басқосуға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдері қатысты.

Жиында өңірлердегі этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар туралы баяндалды.
Сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәсілдерін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.

– Биылғы қарашада Мемлекет басшысы идеологиялық жұмыстың негізін айқындайтын «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты тұжырымдамалық құжатты бекітті. Этносаралық қатынас саласы құжаттағы басым бағыттың бірі ретінде қамтылған. Бұл аталған саланың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастар саласындағы алдағы 2026 жылға арналған басым бағыттар жөнінде нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының 95%-дан астамы этносаралық қатынасты тұрақты деп санайды.

Соңғы жаңалықтар