Ерлан Қошанов: Ұзақ жылдан бері алғаш рет Ұлттық қорға қол жаймайтын бюджет қабылдадық

АСТАНА. KAZINFORM — төрағасы Ерлан Қошанов 2026-28 жылдарға арналған республикалық бюджеттің басты артықшылығын атады.

бюджет
Коллаж: Kazinform; Freepik

— Бюджет жобасы ұзақ жылдан бері алғаш рет Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленіп отыр. Бұл — толыққанды, Ұлттық қордың қолдауына сүйенбеген бюджет қабылдадық деген сөз. Мұндай нәтиже Мемлекет басшысының қаржы-бюджет жүйесін жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын кезең-кезеңімен іске асырудың арқасында мүмкін болып отыр, — деді палата спикері.

Оның сөзінше, бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталып отыр.

— Халыққа қолдау көрсету — басымдық болып қала береді. Мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандарын салу мен реконструкциялауға қомақты қаржы бағытталады. Бұдан бөлек, экономиканың нақты секторын қолдау шаралары ұлғайтылады. Оның ішінде өңірлердегі жаңа инвестициялық жобалар үшін «Бәйтерек» холдингінің қайтарымды қаржыландыруы арқылы да қолдау көрсетіледі. Ол тұрақты экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуға жол ашады, — деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы үш жылдық бюджет жобасында өңірлерді қаржыландыру бойынша мәселе бар екенін айтады.

— Бүгінде салық түсімдерінің бір бөлігін жергілікті деңгейге беру заңнамалық түрде бекітілді. Бұл тәсіл қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастады. Көптеген облыста кірістер жоспарын артығымен орындау байқалуда. Жергілікті бюджеттер қаржылық міндеттерді шешуде орнықты әрі дербес бола түсті. Осы ретте, пайда болған қосымша қаражат түрлі имидждік бастамаларға емес, басталған жобаларды аяқтауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы қажет. Үкімет пен депутаттар осы процесті қадағалауға тиіс, — деді Мәжіліс спикері.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылданды. 

Соңғы жаңалықтар