Ерлан Қошановтың ұсынысымен ОСК-нің жаңа мүшесі тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында Әсел Болатқазықызы Жанәбілова Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.

Оның кандидатурасын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ұсынды.
— Конституциямыздың 57, 58-баптары бойынша палата төрағасының ұсынуымен Парламенттің әр палатасы Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін қызметке тағайындайды. Осыған байланысты бұл қызметке Әсел Болатқазықызы Жанәбілованың кандидатурасын ұсынып отырмын, — деді Мәжіліс спикері.
Депутаттар бұл ұсынысты бір ауыздан жақтап, Әсел Жанәбілованы ОСК мүшесі етіп тағайындау туралы шешім қабылдады.
Ол 1969 жылы 28 шілде айында Алматы қаласында дүниеге келген.
1991 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін бітірген. Кейінірек «қаржы және экономика» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады.
1993 жылдан бастап Алматы қаласында нотариус болып қызмет атқарды.
1997 жылдан 2000 жылға дейін нотариат істері жөніндегі бөлімнің бастығы, Әділет министрлігінің заң қызметтерін ұйымдастыру басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
2000 жылдың 18 ақпанынан бүгінге дейін Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс үш жылдық республикалық бюджетті талқылап жатыр.