Ерлан Саиров: Halyq Bank, Freedom, «Қазпошта» Astana қаржы орталығын салықтан жалтаруға пайдаланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM –Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров палата отырысынан кейін Astana халықаралық қаржы орталығы оффшор құралына айналғаны туралы мәлімдемесінің мәнін түсіндірді.

— Astana халықаралық қаржы орталығы негізінде шетелдік инвесторларды тарту үшін құрылған. Бірақ Қазақстанның ірі компаниялары Қазақстанның салығынан жалтару үшін сол АХҚО-ға барып тіркеледі. Қазақстандық компания болып есептелетін 70-тен астам жер қойнауын игеруші компания, Halyq Bank, Freedom Bank сияқты ірі банктер, «Қазпоштаның» өзі осы орталыққа тіркелген Олардың бәрі сол салықтан жалтарып отыр, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл құйтырқылықтар бюджетке кері әсер етіп отырған көрінеді.
— Қазір ол есептеліп жатыр, жүздеген млрд теңге. Әсіресе жер қойнауын игерушілердің сонда барып тіркелуі республика бюджетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қазақстандық ірі компаниялардың, банктер мен жер қойнауын игерушілердің Astana халықаралық қаржы орталығына тіркелуіне шектеу қоюды ұсынамыз, — деді Ерлан Саиров.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін екені белгілі болды.