Ерлан Тұрғымбаев: Президент тапсырмасына сай саланы жаңғырту жұмыстары атқарылуда

«Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы жаңғыртуда біршама жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, қоғаммен өзара іс-қимылды жақсартуды, полиция қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуді, сервистік үлгіге көшуді қолға алдық. Осы жұмыс аясында қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде ХҚКО қағидаты бойынша фронт-кеңселер, сондай-ақ азаматтарды қабылдау үшін жайлы бөлмелер ашылуда. Қазірдің өзінде 174 фронт-кеңсе жұмыс істейді. Оған кез келген азамат хабарласып, қажетті кеңес ала алады. Жұмыстың нәтижесі айқын. Күн сайын еліміз бойынша мұндай қабылдау бөлмелерінде 5 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетіледі. Онда мәселелер полиция ғимаратына бармай-ақ бірінші деңгейде жедел түрде шешіледі. Мұндай жағдайлар кезең-кезеңмен полицияның барлық бөлімдерінде жасалады», - деді Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде.
Министрдің айтуынша, сонымен қатар, автожолда қабылдау бөлмесі желісімен күн сайын кең ауқымды акцияларды өткізу тәжірибесі енгізілген.
«Департаменттер мен басқармалардың басшылары бюрократиясыз және жазусыз көшелер мен алаңдарда кабинеттен тыс азаматтарды қабылдайды. Адамдар өз мәселелерін формалды емес жағдайда жедел шешуге мүмкіндік алды. Осы жылдың сәуір-мамыр айларында тек екі акция кезінде 34 мыңнан астам адам қабылданып, кеңес алды. Олар негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеу, жол қозғалысын ұйымдастыру, көші-қон заңнамасын сақтау, автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру, автокөлікті қайта жабдықтау тәртібі бойынша кеңес алды», - деді министр.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл Жоспарын бекіткен болатын. Қазақстан Республикасының Президенті «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясының барысында ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Іс-қимыл жоспары бірқатар маңызды салалармен бірге полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту шараларын қамтиды.