Ерлер мен әйелдер құрамасын қоса есептегенде, Қазақстаннан 5 алтын күтемін – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Бірер күннен кейін Жапонияда жазғы Азия ойындары басталады. Қазақстан боксшылары құрлық додасына негізгі құраммен аттанады, деп хабарлайды INFORMSPORTS.
Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың пікірінше, бұл жолы қазақстандық боксшылар үшін жеңіске жету оңайға соқпайды. Сонымен қатар ол ұлттық құрамадағы кейбір боксшылардың 2028 жылғы Олимпиададағы болашағына алаңдайтынын айтты. Сарапшы сондай-ақ аса ауыр салмақтағы резерв мәселесі, Қазақстан мен Өзбекстан боксының айырмашылығы, жүйелі дайындық пен төрешілікке қатысты пікір білдірді.
– Азия ойындарына баратын ұлттық құрама боксшылары белгілі болды. Құрамға көңіліңіз тола ма? Бұл жолы қандай нәтиже күтесіз?
– Негізі, құрам біркелкі жасақталған. Қазақстан Азия ойындарында жалпы есепте топ жаруды көздеп отырғаны анық. Ал көршілеріміз, әсіресе Өзбекстан, керісінше, 2028 жылғы Олимпиадаға көбірек назар аударып, құрамын жастармен толықтырып жатыр.
Бізде дәл қазір нәтиже көрсете алатын тәжірибелі боксшылар жеткілікті. Дегенмен осы құрамдағы кейбір спортшылардың 2028 жылғы Олимпиададағы мүмкіндігі қандай болатыны сұрақ тудырады.
Медаль санына келсек, ерлер мен әйелдер құрамасын қоса есептегенде, Қазақстаннан бес алтын медаль күтемін.
– Азия ойындарында Қазақстан үшін ең қиынға соғатын қай салмақ болады? Кімдерге көбірек үміт артасыз?
– Меніңше, бұл жолы ешбір салмақта жеңіс оңай келмейді. Мысалы, әйелдер арасында 51 келіде Алуа Балқыбекова – қазіргі әлем чемпионы. Бірақ оның басты қарсыластарының қатарында Олимпиада чемпионы бар. 60 келіде Виктория Графееваның да негізгі бәсекелестерінің бірі – тайпейлік Олимпиада чемпионын ескеруіміз керек. Ал Аида Әбікееваға да Тайпей өкілі мен өзбекстандық Навбахор Хамидова қарсы тұрады.
Ерлер арасында Махмұд Сабырханнан үлкен үміт күтемін. Дегенмен оның қарсыластары арасында Үндістан мен Моңғолияның мықты өкілдері, сондай-ақ жарыс қожайыны Рио Ямагучи бар.
Ал мен үшін ең қиынға соғатын салмақтың бірі – ерлер арасындағы 60 келі. Мұнда Қазақстан алтын алуы да, жүлдесіз қалуы да мүмкін. Себебі бәсеке өте жоғары. Олардың қатарында өзбекстандық Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков та шаршы алаңға шығады.
– 70 келіде Төрехан Сабырхан баратыны белгілі болды. Бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов арасында таңдау жасалды. Қалай ойлайсыз, Төреханды таңдауға қандай факторлар әсер етті? Қос боксшының қазіргі мүмкіндігін қалай салыстырасыз?
– Меніңше, Төреханды таңдаудағы маңызды факторлардың бірі – оның жасы. Ол небәрі 20 жаста, болашағы алда. Қазір оған өзін дәлелдеу өте маңызды. Азия чемпионатында Ишаиштен жеңілгеннен кейін, сол жеңілістің кездейсоқ болғанын дәлелдеуге деген мотивациясы да жоғары болады деп ойлаймын.
Ал қазіргі деңгейін салыстырсам, Абылайхан Жүсіповке 55, Төрехан Сабырханға 45 пайыз берер едім. Абылайханның тәжірибесі мол, мансабының ең толысқан шағында тұр. Сондықтан өзім шешім қабылдайтын болсам, Абылайханға басымдық берер едім. Бірақ бапкерлер Төреханға сенім артты. Енді оның сол үмітті қалай ақтайтынын көреміз.
– Төрехан Сабырханның басты қарсыластарының бірі – Сэвон Окадзава. Оның бокс мәнерін ескерсек, қаншалықты қолайсыз қарсылас? Төрешілер алаң қожайынына бүйрегі бұруы мүмкін бе?
– Окадзава, әрине, тәжірибелі әрі мықты боксшы. Бірақ Төрехан онымен бұған дейін жұдырықтасып, жеңген. Сондықтан оны Төрехан үшін ең қауіпті қарсылас деп айта алмаймын. Бұл салмақтағы ең қолайсыз қарсыластардың бірі – иорданиялық Зейяд Ишаиш. Ол Окадзаваны да, басқа мықты боксшыларды да ұтқан. Бұған қоса, Төреханнан да басым түскен.
Ал жарыстың Жапонияда өтуі белгілі бір психологиялық әсер етуі мүмкін. Сондықтан Төрехан жекпе-жекті төрешілердің шешіміне қалдырмай, әр раундта өзінің артықшылығын анық көрсеткені дұрыс.
– Осы тұста ауыр салмақта Қазақстан құрамасында резерв аз деген пікір бар. Сарапшы ретінде осы салмақтағы жағдайды қалай бағалайсыз? Біздің басты мәселеміз қандай?
– Бұл салмақта расымен Қазақстанда резерв жеткіліксіз. 90 келіде Нұрбек Оралбай, ал аса ауыр салмақта Айбек Оралбай өнер көрсетіп жүр. Дегенмен +90 келінің болашағы алаңдатады.
Себебі аса ауыр салмақта спортшының бойы, салмағы және физикалық күші үлкен рөл атқарады. Бұл дивизионда кезінде Тони Йока, Филип Хргович, Иван Дычко сияқты ірі боксшылар өнер көрсетті. Айбектің дене бітімін осы боксшылармен салыстырсақ, айырмашылық байқалады. Сондықтан Қазақстанға осы салмақта бойы мен дене бітімі ірі, физикалық күші жоғары боксшыларды көбірек дайындау қажет деп есептеймін.
– Өзбекстан кейінгі жылдары өте жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айтқанымдай, қазір Өзбекстанда да буын алмасып жатыр. Құрамға қарасаңыз, негізінен 2000 жылдан кейін туған боксшыларға мүмкіндік беріп отыр. Арасында 2002, 2003, 2004, 2005 және 2006 жылы туған спортшылар бар. Демек, олар тек осы Азия ойындарын ғана емес, 2028 жылғы Олимпиадаға да қамданып жатқаны байқалады.
Кейінгі жылдардағы нәтижелеріне жүйелі дайындық, ішкі бәсекенің жоғары болуы, физикалық дайындық пен жекпе-жек қарқынына басымдық беруі әсер етті деп ойлаймын. Қазір олар бір Олимпиадалық циклмен шектелмей, алысқа көз тастап, ұзақ жылға арналған жүйе қалыптастыруға тырысып отырғаны анық.
– Ал Қазақстан мен Өзбекстанның бокс мектептерінің қазіргі айырмашылығы қандай?
– Қазақстан боксы дәстүрлі түрде техника мен тактикаға көбірек мән береді. Таза соққы жасап, қарсыласты тактикалық тұрғыдан ұтуға тырысады. Ал Өзбекстан боксында соңғы жылдары физикалық дайындық пен жоғары қарқынға басымдық беріліп жүр.
Мәселен, өзбек боксшысы ұпай бойынша жеңіліп жатса да, жекпе-жектің соңына дейін қысымын бәсеңдетпей, ашық айқасқа баруға тырысады. Бізде кейде техникалық боксқа тым көп сүйеніп қалатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан Азия ойындарында жоғары қарқын, физикалық дайындық және әр раундты соңына дейін өткізу маңызды факторлардың біріне айналуы мүмкін.
– Қазақстан бұған дейінгі екі Олимпиадада бокстан алтын медаль алмады. Оған не себеп болуы мүмкін және нені өзгерту қажет?
– Себеп көп. Токио Олимпиадасы мен Париж Олимпиадасына дейінгі аралықта Қазақстан құрамасында буын алмасу жүрді. Оған қоса, әлемдік бокстың өзінде де айтарлықтай өзгерістер болды. Әсіресе төрешілікке қатысты көптеген пікірталас туындады.
Кейбір даулы шешімдер Қазақстан боксшыларына да әсер етті деп ойлаймын. Дегенмен барлық мәселені төрешілікпен байланыстыруға болмайды. Біз өз жүйемізге де назар аударуымыз керек. Атап айтқанда, резервті көбейтіп, ішкі бәсекені күшейту, халықаралық деңгейдегі қарсыластармен жиі сынға түсу және Олимпиада цикліне ұзақ мерзімді жоспар бойынша дайындалу маңызды.
– Төрешілер шешіміне тәуелді болмау үшін қазақстандық боксшылар жекпе-жекті қалай өткізуі керек?
– Төрешілердің шешіміне тәуелді болмаудың бір ғана жолы бар – рингте қарсыласыңнан мықты екеніңді көрсету. Жекпе-жекті бір-екі дәл соққыға немесе соңғы секундтарға қалдырмай, әр раундта белсенді болып, қарсыласыңнан басым екеніңді анық көрсету керек. Қысқасы, төрешілерге күмән туғызбайтындай бокс көрсету қажет. Рингке шыққан соң бар күшіңді жұмсап, жеңісті жұлып ал.
– Енді бапкерлерге оралайықшы. Ұлттық құрамада жуырда бас бапкер ауысты. Мұндай өзгеріс боксшылардың дайындығы мен жарыстардағы нәтижесіне қаншалықты әсер етеді?
– Жеке өзім Олимпиада циклінің ортасында бас бапкерді ауыстыруды құптамаймын. Егер өзгеріс қажет болса, оны Олимпиада аяқталғаннан кейін бірден жасаған дұрыс. Сонда жаңа бапкерге өз жүйесін енгізіп, боксшыларды толық зерттеуге және төрт жылдық дайындық жоспарын құруға жеткілікті уақыт беріледі.
Ал Олимпиадаға екі жыл қалғанда бапкер ауысса, жаңа жүйеге бейімделуге уақыт аз қалады. Сондықтан бұл өзгерістің бізге кері әсер етпегенін қалаймын. Азия ойындары жаңа бапкердің жұмыс жүйесін бағамдауға мүмкіндік беретін алғашқы ірі сынақтардың бірі болмақ.