«Ерлігі туралы еш айтпайтын» — Халық қаһарманы Кенжебай Мәденов қандай мұра қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Берлиндегі ратушаға алғашқылардың бірі болып кірген қайсар майдангер, жеті баланың әкесі, мемлекеттік қауіпсіздік саласында қызмет еткен офицер — Халық қаһарманы Кенжебай Мәденовті туған-туыстары мен әріптестері осылай еске алады. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында батырдың ұлы Махамбет Мәденов Кенжебай Мәденовтің майданнан тыс өмірде қандай адам болғанын және ұрпағына қандай өнеге қалдырғанын айтып берді.

Махамбет Мәденов
Фото: Динара Ақылжанова/Kazinform

Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілгені жарияланған сәтте бұл оның отбасы үшін ерліктің мойындалуы ғана емес, көптен күткен тарихи әділдіктің орнығуы да болды. Майдангердің ұлы Махамбет Мәденовтің айтуынша, әкесі өзін ешқашан батыр санаған емес, соғыс туралы да көп әңгіме қозғай бермейтін. Ал үй ішінде ол мүлде бөлек жан еді — байсалды, қарапайым әрі сөзге сараң болатын.

— Әкем өте қарапайым жан еді. Бәріміз оны қатты жақсы көрдік, бірақ үнемі іссапарда болып, көп көре бермейтінбіз. Өйткені ол әскери қызметші болды, кейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді. Соған қарамастан, үйде болған аз уақыттың өзінде бізге көп нәрсе бере білді, — деп еске алады М. Мәденов.

«Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің ұлына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталды
Фото: Ақорда

Әкесінің басты мұрасы ретінде ол соғыс туралы естеліктерді емес, білімге құштарлық пен тәртіпке баулуын атайды.

— Ол бізді кітап оқуға үйретті. Үйімізде үнемі «Огонек», «Наука и жизнь» журналдары мен газеттер болатын. Оқушы кезімде әкемнің жұмысына барып тұратынмын, сонда маған журналдардың жаңа сандарын беріп жіберетін, оларды үйге алып келетінмін. Ол үшін балалардың білім алып, кітап оқып, дамуы маңызды еді, — дейді Кенжебай Мәденовтың ұлы.

Мәденовтер шаңырағында Рауза, Сәуле, Махамбет, Исатай, Серік, Тараз және Майра есімді жеті бала өсіп-жетілді. Бүгінде батырдың әулеті өсіп-өркендеп, немере-шөберелері ата рухын қадірлеп, оның есімін ардақтап келеді. Махамбет Мәденовтің айтуынша, әкеден қалған ең қастерлі мұра — отбасыға деген берік құрмет, білімге ұмтылу және қарапайым болмыс.

Потомки Кенжебая Маденова
Фото: Динара Акылжанова/Kazinform

Махамбет — отбасындағы үшінші перзент. Оның айтуынша, әкесі ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес, бала тәрбиесінде де қаталдыққа жүгінбейтін.

— Әкем бізге ұрыспайтын. Бәлкім, біз де оның көңілін қалдырмауға тырысқан шығармыз. Өзім бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін үздік оқыдым. Жалпы, біздің отбасымыз өте тату болды, анамыз да ерекше жан еді, — деп еске алады Халық қаһарманының ұлы.

Соғыстан кейін Кенжебай Мәденов мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі буын үшін бұл айрықша мамандық еді — құпиясы көп, темірдей тәртіп пен шыдамдылықты талап ететін қызмет. Ұлының пікірінше, әкесінің бойындағы осы қасиеттердің қалыптасуына майдан мектебі тікелей әсер еткен. К. Мәденов 1943 жылдың қаңтарында, 18 жасқа толмастан өз еркімен майданға аттанған. Ал 19 ақпанда оның 18-ге толатын күні еді. Бірақ оны бірден ұрыс даласына емес, алдымен оқу-жаттығуға жіберген.

Халық қаһарманы Кенжебай Мәденов туралы не білеміз
Фото: Толыбай Далабаев

— Бәлкім, әкемнің оқуға бейімі болған шығар. Оны офицерлік құрам дайындайтын курстарға жіберіпті. Ол жерде тек атыс өнері ғана емес, тактика да үйретілген. Бұл өте күрделі әрі жан-жақты дайындық болатын, — деп толықтырды М. Мәденов.

Кенжебай Мәденовтің жауынгерлік жолы Украина, Молдова, Польша жерлерін азат ету шайқастарынан өтіп, Берлинге дейін жетті. Оның бөлімшесі Яссы–Кишинев операциясына, Варшава үшін болған ұрыстарға және Берлин шабуылына қатысқан.

соғыс жылдары
Фото: www.sb.by

Әсіресе Мәденовтер үшін Берлин ратушасына жасалған шабуылдың орны ерекше. Бұл ғимаратқа алғашқылардың бірі болып лейтенант Кенжебай Мәденов басқарған взвод кірген.

— Қазір ойласам, оларды іс жүзінде өлімге аттандырған сияқты. Командир менің әкеме дәл оның взводына ратушаға алғаш болып кіру құрметі бұйырғанын айтқан. Бірақ ол жан алып, жан беріскен өте ауыр шайқас еді, — дейді Махамбет Маденов.

Бұл оқиғалар тек Мәденовтер отбасының естелігінде емес, құжаттарда да сақталған. 1948 жылы жарық көрген «Берлинге шабуыл» кітабында сол шайқастарға қатысқан жауынгерлердің естелігі берілген. Авторлардың бірі, взвод командирінің орынбасары Константин Громов — Кенжебай Мәденовтің іс-қимылын егжей-тегжейлі сипаттап жазған.

соғыс жылдары
Фото: wikimedia

— Ол кітапта қоян-қолтық ұрыс туралы бір эпизод бар. Әкеме неміс солдаты тап беріпті, бірақ әкем жалтарып кетіп, оның қолындағы пышақты жұлып алып, қарсыласын жайратқан. Кейін ойласам, бәлкім, 1943 жылы алған әскери дайындығы оның аман қалуына себеп болған шығар, — деп ой бөлісті Халық қаһарманының ұрпағы.

Махамбет Мәденовтің айтуынша, әкесі өз ерлігі туралы сөз қозғағанды ұнатпайтын. Тіпті 1960-жылдардың соңында Берлинді шабуылдау туралы кітаптар мен жарияланымдар жарық көргенде де, бұл жайт отбасы ішінде көп талқыланбаған. Ол ешқашан «Соғысқа қатыстым» деп кеуде керген жоқ, ерлігі жайында да мақтанбаған. Кітап жарық көрді, ал өмір әрі қарай өз ағысымен жалғаса берді.

Халық қаһарманы Кенжебай Мәденов туралы не білеміз
Фото: Толыбай Далабаев

Ал Кенжебай Мәденовтің әріптестері батырды мүлде басқа қырын еске алады. Ол мемлекеттік қауіпсіздік органдарында Гурьев облыстық басқармасының кадрлар бағытын басқарған. Ардагерлердің айтуынша, Мәденовтің үйдегі және қызметтегі мінезі екі бөлек адамдай еді.

— Отбасында ол сабырлы, көп сөйлемейтін жан болса, әріптестері жұмыста өте ширақ, тез қимылдайтын, белсенді болғанын айтады. Кейбірі тіпті: «Кенжебай баспалдақпен жай жүрмейтін, үнемі жүгіріп шығатын» деп еске алады. Әкемнің осы шапшаңдығы, әр істі жылдам әрі нақты орындауға бейімділігі де соғыста аман қалуына да себеп болған шығар, — деп толықтырды спикер.

Жеңістен кейін Кенжебай Мәденов әскери қызметін жалғастырды. Алдымен Орал қаласында еңбек етті, кейін Гурьевке ауыстырылып, отбасы да сонда тұрақтап қалды. Алайда майдангердің ғұмыры қысқа болды. Ол 1974 жылдың желтоқсанында 50 жасқа және Жеңістің 30 жылдығына санаулы ай қалғанда өмірден озды.

— Бұған дейін денсаулығына қатты шағымданған емес еді. Бірақ соңғы жылы әкем мен анам санаторийге барып келген соң жағдайы күрт нашарлады. Сол жылдың желтоқсанында әкемізден айырылдық, — деп еске алады Махамбет Мәденов.

Бүгінде Кенжебай Мәденов есімінің мемлекет деңгейінде қайта атала бастауы оның отбасы үшін айрықша мәнге ие. Атырау облысында оны білетіндер болды, ол туралы газеттер де жазды, түрлі жарияланымдар шықты. Бірақ тұтас Қазақстан толық таныды деп айту қиын. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары басталғанда — зерттеушілер, журналистер мен ардагерлер құжаттарды жинай келе, оның елге сіңірген еңбегінің орасан зор болғанын айқындай түсті.

«Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің ұлына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталды
Фото: Ақорда

Мәденовтер әулеті Кенжебай Мәденов есімін ел тарихына қайтаруға атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіреді. Әсіресе М. Мәденов ұзақ жылдар бойы көпке беймәлім болып келген майдангерлердің ерлігіне назар аударғаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғысын білдірді.

Махамбет Мәденовтың айтуынша, бұл атақтың берілуі — ұзақ жылдарға созылған үлкен зерттеу жұмысының нәтижесі.

— Президентке біреудің жай пікірі ғана жеткізілмейді ғой. Мұның артында архивтер, құжаттар, нақты деректер, тарихшылардың, ҰҚК қызметкерлерінің, журналистердің еңбегі тұрды. Солардың бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана әкемнің расымен осындай марапатқа лайық екені анықталды. Біз үшін әке ең алдымен әке болды. Кітапты жақсы көретін, тәртіпті қатаң ұстанатын, өз жайын көп айта бермейтін қарапайым адам еді. Шын батырлар да, сірә, дәл осындай болса керек, — деп түйіндеді Кенжебай Мәденовтің ұлы Махамбет Мәденов.

Еске сала кетсек, 6 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді.

Сол күні Мемлекет басшысы «Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің ұлы Махамбет Кенжебайұлына айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін салтанатты түрде тапсырды.