Ерлікпен қаза тапқан Құмарбек Жәкетайұлына «Батыл жүрек» сыйлығы берілетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батыл жүрек» сыйлығы Астана-Бурабай тас жолында болған көлік апаты кезінде адамдарды құтқарып жүріп ерлікпен қаза тапқан Құмарбек Жәкетайдың туыстарына беріледі. Марапат «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында тағайындалған.
None
None

 «Құмарбек Жәкетайұлы - шындығында бейбіт күннің батыры. Ол жантүршігерлік апатта адамдарды құтқару жолында жанын пида етті. «Халықтың сүйіктісі - Народный любимец года» қоғамдық сыйлығының ұйымдастырушылары мен әділқазылары «Батыл жүрек» құрметті сыйлығын ерен ерлігі үшін Құмарбек Жәкетайұлына беруді дұрыс деп шешті», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында аталған сыйлықтың ұйымдастырушы Ғалым Байтоқ.

Еске салсақ, 4 желтоқсанда Көкшетау тас жолында жантүршігерлік апатта үш жасар бала құтқарылды. Куәгерлер Құмарбек Жакетайұлының сау-тамтығы қалмаған көлік ішінен кішкентай баланы аман алып шыққанын айтады. Одан кейін артқы орындықта отырған қыз баланы құтқаруға ұмтылған ол арт жақтан қатты жылдамдықпен келіп соғылған автобустың астында қалған.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде Қазақстан халқы марқұмның отбасына көмек көрсету акциясын ұйымдастырып жатыр. Банктен Серік Ноянбайұлының атына арнайы шот ашылып, еліміздің түкпір-түкпірінен қаржы құйылуда.

Бейсенбі күні Ақмола облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук Құмарбек Жакетайұлын наградаға ұсыну мәселесі алдағы уақытта шешілетінін мәлім еткен: «Қылмыстық істі тергеу амалдары мен болған оқиғаның мән-жайы анықталған соң өте қиын жағдайда адамдардың өмірін алып қалуға деген ұмтылысы үшін марқұм Құмарбек Жәкетайұлын наградаға ұсыну мәселесі шешілетін болады».

Одан бөлек «ҚазАқпарат» ХАА Ақмола облысында болған апат жайлы толыққанды мақала жариялаған еді. 

Құмарбек Жакетайұлы Бурабай ауданы Жаңажол ауылының тұрғыны. 1991 жылы Моңғолиядан атамекенге оралған. Артында үш баласы, жары қалды. Ол өмірінің соңғы сәтінде қаршадай баланы аман алып алуға көмектесіп, өрімдей жас қызды құтқарып қалды. Екі жастың өмірі үшін өз жанын пида етті.

Соңғы жаңалықтар