Ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы сериал түсіріліп жатыр

«Қазір Асқарға және өз өмірін қатерге тігіп, күнде отпен күресетін өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған «Қаһарман» сериалының түсірілімі жүріп жатыр. Түсіру тобы бүгін Астанаға келіп, бірден жұмысқа кірісті.
Әрине, бүкіл процесті өз көзімізбен көру мүмкіндігін жіберіп алмадық. Айта кетейін, кино түсіру оңай емес. Біз ол жерде 5 сағаттай болдық. Түсірілімге дайындық, бірнеше дубль, ракурс, жарық. Бұл – бір ғана көріністі түсіру кезінде көрген қиындықтың кішкене ғана бөлігі. Барлық түсірілім тобына қажырлы еңбегі үшін рақмет. Сериал барлығына ұнайды деп сенемін», – деп жазды Анель Забикулина Instagram желісінде.
Айта кетейік, 2022 жылдың 16 қарашасында Астанада 15 қабатты үйден өрт шықты. Салдарынан 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. 20 қарашада ол астаналық ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен болатын.
Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 20 желтоқсанда оған «Алтын адам» сыйлығы табыс етілді.
28 желтоқсанда Астана қалалық мәслихаты шешімімен ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі жаңа көшеге берілді.