Ерлік ізі өшпейді: Әскери-патриоттық орталықтан фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда төріндегі ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы – сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін бірегей орын. Мұндағы әр сурет пен әр хат кешегі қан майдан қалған жәдігер. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай батырларымыздың ерлік жолын ұлықтап, тарихтың ақтаңдақ беттерін цифрлық жүйеге түсіріп жатқан бірегей мәдени ошақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Әскери-тарихи музей 2015 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы құрамында құрылды. Бүгінгі таңда музей қорында 24 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Музей басшысы Дәулет Қадыровтың айтуынша, 1938-1945 жылдар аралығында соғысқа қатысқан жауынгерлердің деректерін цифрландыру жұмыстары аяқталуға жақын.
– Жақында іске қосылатын арнайы сайт арқылы кез келген азамат өз атасының майдандағы жолын іздеп таба алады. Күн жылынғалы музейге келушілер саны артып, күніне 2,5 мыңға жуық адам осы мәдени ошаққа ат басын бұрады, – дейді Дәулет Қадыров.
Музей залына аяқ басқанда, ең алдымен, келушілерді сұрапыл соғыстың алғашқы соққысын қабылдаған Брест қамалының рухы қарсы алады. Мұндағы ең басты жәдігерлердің бірі – аты аңызға айналған «Максим» пулеметі. Музей қызметкері Әйгерім Өмірзақтың айтуынша, 1941 жылдың маусымында қамал қорғаушыларында бұдан қуатты қару болмаған.
Пулеметтің үздіксіз жұмыс істеуі үшін оны үнемі сумен суытып отыру қажет еді, алайда жау қоршауындағы сарбаздар үшін бір тамшы судың өзі алтынға бергісіз болды. Су арналары істен шығып, арықтар гарнизон сыртында қалғандықтан, жауынгерлер суды жанқиярлықпен жеткізіп, қарудың отты демін тоқтатпауға тырысқан.
Брест қамалының қасіретін мына бір кірпіштерден артық ештеңе сипаттай алмас. Бұл – қамал жертөлелерінен жеткізілген жәдігер. Неміс басқыншылары жертөледе бекінген сарбаздарды шығару үшін отбүріккіштерді (отшашар) қолданған кезде, температураның жоғары болғаны соншалық, қатты қызыл кірпіштер еріп, жоғарыдан төмен қарай балқып аққан. Бүгінде тас болып қатып қалған бұл кесек сол кездегі жауыздық пен оған қарсы тұрған мызғымас ерліктің үнсіз куәгері.
Брест қамалының қорғаушылары арасында 16 жастағы қазақ баласы Нұрали Нұрмахановтың ерлігі ерекше. Оның өз қанымен «Өлсем де шегінбеймін» («умру, но ни шагу назад») деп жазып кеткен партиялық билеті музейге келушілерді тебірентпей қоймайды.
Экспозицияның келесі бөлігі Ленинград қоршауына арналған. Мұнда 872 тәулік бойы аштық пен суыққа төтеп берген қала тұрғындарына рух берген Жамбыл Жабаев өлеңдері мен фотоларының жанында домбыра тұр. Сол бір ауыр кезеңде ақынның жырлары мен домбыраның қоңыр үні қоршауда қалған халықтың еңсесін тіктеп, үмітін үздірмей, рухын көтеруге қызмет еткен символ ретінде ұсынылған.
Оның қасында жұмысшыларға берілетін бір күндік азық – небары екі тілім қара нанның үлгісі қойылған. 1 миллион адамды аштық жалмаған сол сұрапыл кезеңде қаланы азат етуге қазақстандық 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиясы қатысқан.
Мәскеуді қорғауда ерлік көрсеткен алматылық 316-шы дивизия мен оның командирі Иван Панфиловтың жеке заттары – музейдің мақтанышы. Батырдың немересі Алуа Байқадамова тапсырған түпнұсқа сағат пен партиялық билет сол бір жауапты сәттің сағатын әлі соғып тұрғандай әсер береді.
Музейдің ең құнды экспонаттарының бірі – аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының жеке күнделігі. Майдан даласындағы сын сәттер, сарбаз психологиясы мен қолбасшы толғанысы жайлы жазбалар осы күнделікте сақталған. Батырдың өз қолымен жазған таңғы жоспарлары, соғыс тактикалары қаз-қалпында тұр.
Күнделіктің жанында Бауыржан Момышұлының сызған тактикалық картасы қойылған. 1941 жылдың қарашасында 1073-ші атқыштар полкінің батальон командирі болған ол 316-шы дивизиядан оқшауланып қалса да, жауды Мәскеуге жібермей, Волоколамск тасжолында үш тәулік бойы ұстап тұрды.
1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі де ұмыт қалмаған. Күндізгі сағат 14:30-да желбіреген жеңіс туы – миллиондаған жауынгердің аңсаған арманы еді.
Сондай-ақ музейде Стокгольм қаласынан әкелінген құтылар, дәрі-дәрмектер, тіс щеткалары мен кітаптар – басқа да майдан даласындағы тұрмыстық заттар жинақталған.
Музей экспозициясындағы ең қызықты әрі сирек кездесетін жәдігердің бірі – 1945 жылғы неміс велосипеді. Велосипедті сол кезеңде неміс жауынгерлері қолданған, бүгінгі күнге дейін қаз-қалпында жеткен. Музей қорына бұл жәдігерді семейлік коллекционер арнайы сыйға тартқан екен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұндай көлік құралдары байланыс орнату немесе жедел хабар жеткізу мақсатында кеңінен қолданылған екен.
Бүгінде бұл музей жас ұрпаққа ерліктің мәнін ұғындыратын, тарихпен тілдестіретін маңызды орынға айналған. Мұндағы әрбір жәдігер тұтас бір дәуірдің шындығын жеткізетін құнды мұра.
Айта кетейік, Жеңіс күніне арналған Мәскеудегі парад әскери техникасыз өтетінін хабарлаған едік.