Ермек Көшербаев пен Беате Майнль-Райзингер КҚК жұмысына қатысты ахуалды талқылады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Аустрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингермен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) жұмысына байланысты ахуал, халықаралық теңіз қатынасының қауіпсіздігі және қазақстандық мұнайды Еуропа нарықтарына тұрақты жеткізу мәселелерін талқылады.
Аталған мұнай тасымалдау бағытының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығы аталып өтті. Қазақстан Аустрияның шикі мұнай импортының шамамен 56 пайызын қамтамасыз етеді, оның едәуір бөлігі КҚК арқылы жеткізіледі.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
ҚР Сыртқы істер министрі Аустрияны 2027-2028 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, Ұйым аясындағы одан әрі сындарлы өзара іс-қимылға дайын екенін білдірді.
Тараптар тұрақты байланыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, қол жеткізілген уағдаластықтар, оның ішінде Федералдық министр Беате Майнль-Райзингердің Қазақстанға бұған дейінгі сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтар аясында іс-жүзіндегі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.
Осыған дейін Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі — Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен телефон арқылы сөйлескен болатын.