Ерте көктемнің жаршысы бәйшешектің қадірін білейік
СТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның Іле, Жетісу, Күнгей алатауларының бөктерлерінде өсетін бәйшешек гүлінің тағдыры эколог мамандарды алаңдатуда. Неге дейсіз ғой? Көктем шығысымен өсімдік атаулының ішінде бірінші болып гүл жарып, шешек ататын, сөйтіп бөктерлер мен қырларда құлпыртатын, табиғат ананы қуанышқа бөлейтін, адамзатқа тамаша көңіл-күй сыйлайтын бәйшешектер елімізде азайып бара жатыр.
Кеше Алматыда Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының Таулы аймақтағы агробиологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі жобасының сарапшылар тобы мен Алматы қалалық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, жалпақ жұртқа үндеу тастады. Мамандар көктем мерекелері кезінде қазақстандықтарды бәйшешектерді жұлмауға және ер азаматтарды әйелдерге бәйшешектен жасалған гүлшоқтарын сыйламауға шақырды. Наурыздың 8-і - халықаралық әйелдер күні мерекесінде аяулы анасын, ардақты әпкесін, қымбатты қарындасын, сүйікті жарын, сыйлас құрбыларын гүл сыйлап қуантқысы келетін ер адамдар үшін бұл ұсыныс бір қарағанда ерсі көрінуі мүмкін. Дейтұрғанмен, мәселеге байыппен қарап, тереңіне бойласақ, бұл бастаманың бір сәттік пиар-акция сияқты пендешіліктен туған дүние еместігіне көзіміз жете түседі. Мамандардың пікіріне құлақ алсақ, жыл сайын көктем шығысымен науқандық сипат алатын бәйшешек жұлу салдарынан оның табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады. «Қазақстанның барлық тұрғындарынан, әсіресе алматылықтардан бәйшешек гүлшоқтарын сатып алмауды сұраймыз. Өйткені көктем хабаршылары саналатын осы гүлдер көктемгі мерекелерде мыңдап жұлынады, аяусыз қырқылады. Салдарынан олардың табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады», - деді кешегі баспасөз мәслихатында экологиялық кеңес мүшесі Құралай Кәрібаева.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген бәйшешек, оны Алатау жауқазыны деп те атайды, онсыз да жойылып кету алдында тұрған гүлдердің санатына жатады. Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі қызметкерлерінің бақылаулары бойынша, тұрғындар тарапынан бәйшешектер көп терілгендіктен, соңғы он жылда олар қаладан 5-7 шақырымға тау жаққа «алыстап» кеткен. Айтар ауызға оңай болғанымен, 5-7 шақырым оңай қашықтық емес, көп-көрім атшаптырым жер. Егер көктем сайын бәйшешектерді жұлу және аяусыз қырқу жұмыстары дәл қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, онда көктемнің хабаршысы болып саналатын бұл гүлдің көп ұзамай Алатау бөктерлерінде көзден ғайып болмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан да қоршаған орта үшін маңызды бұл мәселеге қоғам болып назар аудару қажет.
Атап өтерлігі, Қазақстан заңнамасында бәйшешекті жұлғандар үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған екен. Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының менеджері Ескендір Мірхашимовтың айтуынша, Қазақстанда ондаған ұйымдасқан топ бәйшешектерді заңсыз сатумен айналысатын көрінеді. Алайда, қазіргі таңда олардың мұндай заңсыз іс-әрекеттеріне тыйым салатын «әй, дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұрған сияқты. Сайып келгенде бәйшешектерді заңсыз сататындардың заңның құрығынан оңай құтылып кететіндігіне төмендегі жәйттар да ықпал ететін тәрізді. Мәселен, Қызыл кітапқа енген бәйшешекті теру заңсыз. Рұқсатсыз жұлынған әрбір бәйшешек үшін 0,5 АЕК көлемінде немесе 706,5 теңге айып пұл салынады. Алайда, ашығын айтайық осы күнге дейін Қазақстанда гүлді заңсыз жұлғаны немесе қырыққаны үшін азаматтардың бас бостандығынан айырылған фактілерді (мүмкін бар да шығар) естіген емеспіз. Бұның да өзіндік себептер бар тәрізді. Гүлді заңсыз жұлып, қылмыс үстінде ұсталған күннің өзінде айыппұл төлеп құтылып кететінін білетіндер осы ұрымтал тұсты бас пайдаларына жаратып, айылдарын жимай жүрген тәрізді. Сондықтан да табиғатты бүлдіріп, заңды белшеден басып жүрген бұндай бассыздықтарға тыйым салып, заңнаманы қатаңдату қажет. Атап өтерлігі, Украинада құқық қорғау органдары осындай шараға жұмылдырылатын көрінеді. Былтыр Алматыда 10-15 бәйшешектен құралған гүл шоқтары 300 теңгеден сатылыпты. Ал биыл оның құны - одан да көтерілген. Алматы облысы бойынша заңсыз жұлынып алынған гүлдерді сату арқылы тұрғындардың табатын табысымен салыстырғанда, келтірілген зиян 20 есе жоғары болып отырған көрінеді.
Жалпы, бәйшешек жайлы нақты мәліметтерді білмек болып Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-ші томын ақтарғанымызда мынадай мәліметтерді таптық. «Бәйшешек құртқашаштар тұқымдасына жататын көп жылдық тамыр түйнекті өсімдіктер. Қазақстанда Іле, Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында, Кетпен жотасында, Қаратауда өседі. Бәйшешектің Алатау бәйшешегі және Корольков бәйшешегі деген түрлері бар. Биіктігі - 10-30 см-дей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны 6-9, ұзындығы - 10-12 см. Сары немесе көкшіл түсті дарагүлінің гүл қоршауы қарапайым күлте жапырақшалардан тұрады. Гүл қоршауының ортасынан ұзындығы 15 см-дей түтік шығады да, гүлі сол түтіктің ұшында жетіледі. Аталығы үшеу, аталық жіптері қысқа болады. Аналығы біреу, ол 3 жеміс жапырағынан тұрады. Жемісі - үш ұялы, көп тұқымды қауашақ. Наурыз-мамыр айларында гүлдейді. Гүлдері түнге қарай және бұлтты күндері жабылып қалады. Оларды аралар немесе көбелектер тозаңдандырады. Бәйшешектер негізінен сәндік өсімдіктер».
Қазақстан жұртшылығының бәйшешекті «тек бірнеше күн ғана мерекені әшекейлеу» үшін пайдаланып жүргені рас. Сосын солып қалғаннан кейін қоқыс жәшігіне лақтырып тастаймыз. 8-ші наурыз өткесін бір аптадан соң терезенің алдында немесе үстелдің үстінде еріксіз солып, содан кейін қоқыс жәшіктерінде жаншылып жататын бәйшешектер мұндай мүшкіл халге ұшырағанша, одан да таулардың бөктерлерінде текеметтің оюындай түрленіп, Жер ананы сән-салтанатымен құлпыртып, адамдарға бірнеше күндік емес, ұзақ уақыт қуаныш сыйлап тұрғаны мың есе артық емес пе? Егер әйел қауымын мереке күні шын қуантқымыз келсе, арнайы құмырада өсірілген гүлді сыйлаған абзал. Себебі, құмырада өсірілген гүлдерді үй жағдайында жылдар бойы күтіп-баптауға, көбейтуге мүмкіндік бар. Мұндай гүлдер үйдің тазалығын сақтап, адамның көңіл-күйін көтереді. Олай болса, табиғатты қорғап, аялауға үндейтін кез-келген бастаманы қолдап, селқос қарамау біздің қоғам үшін маңызды бола түсуі тиіс. Ендеше, бәйшешекті жұлып немесе сатып алып жақындарыңызды қуанышқа бөлегеннен гөрі, бәйшешектің қырлар мен бөктерлерде жайқалып өсіп тұрғанын көріп қуануға ұмтылған мақұл-ау.