Ертең Алматыда ТМД көлемінде алғаш рет ең үлкен қайырымдылық бал өтеді

АЛМАТЫ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертең Алматыда ТМД көлемінде алғаш рет ең үлкен қайырымдылық бал өтеді.    Шараның мақсаттарының бірі - қайырымдылық қозғалысын дамыту болып табылады.  Бұл туралы аталмыш шараның ұйымдастырушылары бүгін арнайы баспасөз мәслихатында  мәлім етті,

Ертең Алматыда ТМД көлемінде алғаш рет ең үлкен қайырымдылық бал өтеді

         деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         «Салтанатты кешті 96-ы жұптан тұратын қыз-жігіттер ашады. Біз оларды 2000 талапкерден іріктеп алдық. Сатылған билеттен түскен қаржыны Алматы қаласының №1-ші жетім балалар үйі мен  Шелек ауданындағы сәбилер үйіне және мүгедек балалар қорына аударамыз. Алматы және Шелекте екі физиотерапиялық кабинет қайта жабдықталады», деді шараның ұйымдастырушысы,  «Eventica» компаниясының бас директоры Марат Омаров.

         Бұған дейін хабарлағанымыздай, салтанатты шара қараша айының 21-і күні  Almaty Towers кешенінде өтеді. Балға бас-аяғы 2000-нан астам адам қатысады. Олардың ішінде елімізге танымал іскерлер қауымдастығының өкілдері, саясаткерлер, ғылым мен мәдениет қайраткерлерімен қоса, Ресейдің театр, кино жұлдыздары Елена Корикова, Людмила Артемьева, Андрей Чернышов, Татьяна Арнгольц, Иван Жидков келеді. Алғаш рет сахнада белгілі ресейлік дирижер Артур Оренбургскийдің басқаруымен 150 адамнан тұратын екі оркестр - Мемлекеттік симфониялық оркестр және Эстрадалық симфониялық оркестр өнер көрсетеді.  Балдың құрметті комитет мүшелігіне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұртай Әбіқаев, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және халық әртісі Жәния Әубәкірова енген.

         Балға қатысамын деген кез келген адамға есік ашық. Кіру билетінің құны 10 мыңнан 65 мың теңгеге дейін тұрады.