22:17, 04 Қазан 2013 | GMT +5
Ертең Астанада құрлықтық каратэ тарихында тұңғыш рет каратэ-до спортынан халықаралық турнир өтеді
АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Ертең Астанада «Дәулет» спорт кешенінде құрлықтық каратэ тарихында тұңғыш рет «Азия чемпиондарының кубогы» - каратэ-до спортынан халықаралық турнир өтеді. Оған «сары құрлықтың» ең мықты картэшілері, Азияның аймақтық чемпионаттарының жеңімпаздары қатысады. Аталған шығыс жекпе-жегінің 55 шебері Азияның бас чемпионы атағы үшін күреседі.

Бұл туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Каратэ-додан Азия федерациясы осы алғашқы турнирді өткізуді Қазақстан тарапына сеніп тапсырды. Қазақстандық каратэшілердің халықаралық аренадағы табысының және Қазақстанның спорттық жоғары беделінің арқасында аталған қоғамдық ұйым Қазақстанда Бірінші Азия чемпиондары кубогын өткізу туралы шешім қабылдады.
Бұл турнир бірнеше салмақ дәрежелері бойынша ерлер және әйелдер арасында өтеді.
5 қазан күні сағат 14-00-де - осы турнирдың салтанатты ашылуы өтеді. Артынан финалдық кездесулерге жол беріледі.