Ертең елордада «Көлеңке ұзарғанда» атты көрме ашылады
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат – Ертең, сәуірдің 15-інде елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан Қазіргі заман өнер орталығында суретші Жеңіс Кәкенұлының «Көлеңке ұзарғанда» атты бейнелеу өнері туындыларының жеке көрмесі ашылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық өнерсүйер қауымға қылқалам шеберінің туындылары кеңінен танымал. Бұдан бұрын да суретшінің жеке көрмесі Астанада және Алматы қалаларында табысты өткен болатын.
ҚазАқпарат анықтамасы: Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы Алматы облысында туған. 1989 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-кескіндеме факультетін бітірген. Суретшінің қаламынан шыққан таңдаулы туындылары бүгінде Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайға, Астанадағы Қазіргі заман өнер мұражайына және Президенттік мәдениет орталығына қойылған. Бірқатар жеке шығармаларын Молдова, Германия, Түркия елдерінің өнер зерттеушілері аттай қалап алған.