Ертең Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту басталады — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында айтты.
— Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл — еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз, — деді Қ. Тоқаев.
Президент ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсу қажет екенін еске салды.
— Бұл — аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет, — деді ол.
Былтырғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жылда дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойған еді. Еліміздің келешегі осы мақсаттың қалай іске асырылатынына байланысты.
— Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз — халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі.
Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.
Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.