Ертең Қазан қаласында допты хоккейден әлем біріншілігі басталады

ОРАЛ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ертең Қазан қаласында допты хоккейден кезекті әлем біріншілігі басталады.

Ертең Қазан қаласында допты хоккейден әлем біріншілігі басталады

Дүниежүзілік додаға Қазақстан құрамасы да қатысады. Бұл жолы команданы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастап бармақ. Осыған дейін Қазақстан құрамасын екі мәрте қола жүлдегер атандырған еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тағы бір белгілі хоккейші Александр Ионкин бұл жолы аға бапкер ретінде қатыспақ.

Қазақстандықтар «А» тобында алғашқы күні өзінің басты қарсыластарының бірі Норвегия құрамасымен күш сынасады. Содан кейін АҚШ, Финляндия, Ресей, Швеция хоккейшілерімен шеберлік байқасады. Жүлдеге таласу үшін үздік төрт команданың қатарынан табылу шарт.

Әлем біріншілігі 30 қаңтарда мәреге жетеді. Қазақстандықтардың команда бастығы Марат Маңғубаевтың айтуынша, биыл да команда қола жүлде үшін күреседі. Ең бастысы, төртінші орыннан төмендемей, өз деңгейінде қалу.