11:11, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ертең Қазкоммерц банк пен Халық банкінің әрқайсысының депозиттеріне 1 млрд. долларға дейін қаржы орналастырылатын болады ? Премьер-Министр
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберінде экономикадағы бірқатар жобаларды несиелеу үшін ертең Қазкоммерцбанктің және Халық банктің «әрқайсысының депозиттеріне 1 млрд. долларға дейін қаржы орналастырылатын болады».

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста сөз алған «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов қор қазіргі таңда еліміздегі ірі банктерді қосымша қаржыландыру үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айта келе: «Аталмыш бағыт бойынша нақты қадамдар жасалды. Қаңтардың 15-інде «Самұрық-Қазына» Қазкоммерцбанк және Халық банкпен қаржы секторын тұрақтандыру шараларын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Қол қойылған келісімдерге сәйкес, таяу күндері аталмыш банктердің әрқайсысының депозиттеріне жалпы сомасы 1 млрд. долларға дейін қаржы орналастырамыз. Бұл үшін Үкімет қаулысын қабылдап, тиісті шаралар жоспарының жобасына аздаған түзетулер енгізу қажет», деді. Өз кезегінде Премьер-Министр Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінен тиісті қаулыны Үкіметке бүгін енгізуді тапсырып, оған күн соңына дейін қол қоятынын атап көрсетті. «Ертең ақша банктерге түсетін болады», деді Премьер-Министр. Қ. Келімбетовтің айтуынша, банктерге берілетін бұл қаржылар төлемпаздық тапшылығы проблемасын шешуге және экономиканы несиелеу көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады. Осылайша, бұл қаржылар ел экономикасына жұмыс жасайды.