Ертіс-Баян өңірінде биыл 67 мың көшет егіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында көктемгі тал егу жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Әсіресе облыс орталығында жөке ағашын отырғызуға мән беріліп отыр.

шөлейт жерге көшет егу
Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Өңірде биыл 67 мың ағаш көшетін егу жоспарланған. Жалпы 2023 жылдан бері облыс аумағында 60 мыңға жуық ағаш егіліп, жасыл желек қоры айтарлықтай жаңара түскен. Әсіресе, қала көшелеріндегі қураған теректер кезең-кезеңімен жойылып, олардың орнына экологиялық әрі сәндік тұрғыдан тиімді жөке ағаштары егіліп жатыр.

— Соңғы үш жыл ішінде қаланың орталық көшелеріне 600-ден аса жөке ағашы егілді. Мамандардың айтуынша, ағаштың бұл түрі қалалық ортаға жақсы бейімделеді. Күтімі жеңіл әрі ұзақ жылдар бойы көлеңке беріп, ауаны тазартады. Өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретін мұндай жобалар ары қарай да жалғасын таппақ. Жуырда ғана қалалық саябаққа 150 дана қарағай көшеті отырғызылды, — деп хабарлады өңір әкімдігінен.

Жөке ағашы шаң-тозаңға, газды ауаға, ыстыққа да, суыққа да төзімді. Тамырланғаннан кейін күрделі күтімді қажет етпейді. Дегенмен, алғашқы жылдары тұрақты суару, топырақтың кебуінен қорғау және дұрыс отырғызу сияқты жауапкершілікті қажет ететін сәттері бар.

Еске сала кетейік, биыл Ертіс орманында 14,5 млн қарағай көшеті отырғызылады.