Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының 5 мыңнан астам мектеп түлегі биылғы қоштасу кештерін ерекше атап өтіп, жүректерге жылы әсер сыйлаған тағылымды бастамаға үн қосты. 

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

Жас түлектер қазақ руханиятының көрнекті өкілі Мұхтар Шахановтың сөзіне, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әуеніне жазылған әйгілі «Ақ бантик» әнін бір мезетте қосылып орындап, әсерлі рухани атмосфера қалыптастырды.

Мыңдаған жастың бір уақытта әуелете шырқаған әні мектеппен қоштасқан қимас сәттердің, балалық шақтағы тәтті естеліктердің, ұстазға деген шынайы алғыстың және болашаққа деген сенімнің символына айналды. Бұл бастама қазақ өнері мен руханиятына деген құрметтің жарқын көрінісін көрсетті.

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

— Бұл челленджге қатысу мен үшін өте жарқын әрі есте қаларлық оқиға болды. Әсіресе дәл Екібастұз түлектерінің облыс бойынша осындай ауқымды жобаны алғаш болып бастағанын сезіну ерекше қуаныш сыйлады. 500-ден астам оқушының бір мезетте қосылып ән орындауы сол сәтте шынайы бірлікті, қолдауды және ерекше рухани атмосфераны сезіндірді. «Ақ бантик» әні мектеп жылдарын, достықты, сүйікті ұстаздарды және уақыттың қалай тез өткенін қайта еске салды. Осындай сәттер әр түлектің жүрегінде өмір бойы сақталатынына сенемін, — дейді Екібастұз қаласы № 5 жалпы орта білім беру мектебінің 11 «Б» сынып оқушысы Илья Галутва.

Ал екібастұздық тағы бір түлек Меруерт Көккөзова мектеп бітірген кезде дәл осы «Ақ бантик» әнін үлкен сахнада орындасам деп армандағанын жеткізді.

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

— Сол арманымның орындалуы мен үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе Екібастұздың жүздеген түлектерімен бірге бір әнді қосылып айтқан сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Бір сәтте бәріміздің көңіліміз толқып, мектеппен қоштасып жатқанымыз анық сезілді. Бұл ән маған балалық шағымды, сыныптастарымды, қоңырау үнін, мектептегі ең бақытты күндерді еске түсірді. Осындай әсерлі челлендждің бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын, — деп ерекше толғанысын жеткізді жас түлек.

Өңір бойынша ерекше челленджді Екібастұз қаласындағы Естай атындағы музыкалық мектеп алғашқы болып ұйымдастырған еді. Білім ұясының директоры Әсемгүл Докулованың айтуынша, ұл-қыздар «Ақ бантиктің» сөздерін бірден жаттап алып, дайындыққа ынталана кіріскен. Мұхтар Шахановтың рухты, әсерлі жырларын барлығы біледі. Ал оның сөзіне жазылған мұндай аяулы, сағынышты әнді аға буын жаттап өскені анық. Челлендж бұл тұрғыдан алғанда ақынның рухына тағзым етудің бір үлгісіне айналған.

— Құлаққа жағымды, сазды әнді орындаудың өзі түлектерге ерекше ләззат сыйлады деп ойлаймын. Қала бойынша 21 мектептен жалпы саны 500 оқушы жиналды. Түлектер ән салып тұрғанда «Серпантин» хореографиялық ансамблінің мүшелері вальс билеп, ерекше үйлесім тапты. Жалпы Екібастұз қаласы бойынша бүгінде 11-сыныптарды 1109 бала аяқтағалы отыр, — деп атап өтті музыка мектебінің басшысы.

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

Естай атындағы музыкалық мектепте бүгінде 730 бала өнердің сан саласын үйреніп жатыр. Мұнда 15 түрлі музыкалық бағыт үйретіледі. Биылғы оқу жылы табысты өріліп, шәкірттері облыстық, республикалық өнер додаларынан жүлделі оралыпты. Соның бірі — төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын «Жас музыкант» республикалық байқауында мектеп хоры бірінші орынды жеңіп алған. Алматы, Шымкент сияқты ірі шаһарлардың өнер ұжымдарын жолда қалдырған жас өнерпаздардың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалапты.

Челленджге белсене қатысқан мектептер арасында Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы білім шаңырағы бар. Бұл мектепте бүгінде 1511 оқушы білім алып жатыр. Мектеп директорының орынбасары Амангелді Балтабайұлының сөзінше, түлектер үшін челлендж ерекше сәттерге толы өткен.

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

Айта кету керек, бұл әсерлі іс-шара Павлодар облысы тұрғындарының ұсынысы негізінде жүзеге асырылған. Игі бастаманы өңірдің барлық қала мен аудандардың білім беру бөлімдері қолдап, ұйымдастырды. Бір әнге бірігіп, бір сезімді бөліскен мыңдаған түлек сол сәтте мектеппен ғана қоштасқан жоқ. Олар ұлттық өнер мен руханиятқа деген терең құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының және туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын үлгісін көрсетті.

Ертіс-Баян өңірінің бес мыңнан астам түлегі «Ақ бантик» әнін шырқады
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

«Ақ бантик» — қазақ музыка өнеріндегі ең нәзік әрі өміршең туындылардың бірі. Бұл ән жайдан-жай туа салған шығарма емес, нақты өмірлік оқиғаға байланысты жарыққа шыққан. 1966 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың жақын досы Қаражан Әбіләзімов шаңырақ көтереді. Оның жары мектепті жаңа ғана бітірген, шашына ақ бантик таққан жас қыз Патима Төреханова еді. Тойға дайындық кезінде Шәмші мен Мұхтар достарына ерекше тарту жасауды ойлайды. Әдеттегі сыйлықтың орнына екеуі ән арнауды жөн көреді. Жастардың қуанышына арналып туған ән бірден жұрттың көңілінен шығып, той үстінде-ақ көпшілік қосылып айтып кетеді. Сол кезеңдегі естеліктерге қарағанда, әнді тойға келгендер бірден жаттап алып, кейін ел арасына тарата бастаған.

Бұған дейін Қазақстанда мектеп түлектері соңғы қоңырауға қанша теңге жұмсайтынын жазғанбыз