Ертіс бойында мектептерде орын тапшылығы қалай шешіледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Шаһар халқының өсе түсуі Ертіс-Баян өңіріндемектеп тапшылығын тудырып келгені мәлім. Әсіресе, облыс орталығында бұл түйткіл айқын сезіліп отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бұл мәселені түпкілікті шешуге қаншалықты ықпал етеді.

Биыл 5 жаңа мектеп ашылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты берген тапсырмаларының нәтижесінде үлкен шаһарлардағы орын тапшылығы мәселесі шешіле бастады. Биыл Павлодарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2 мектеп ашылуы керек.

— «Жайлы мектеп» әсіресе Павлодар қаласының оқушыларын жарылқайын деп тұр. Биыл жалпы облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде бес мектеп ашылса, соның екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Павлодарда тұсауын кеседі. Сондай-ақ Аққулы ауданының Тілектес ауылында, Ертіс ауданының Бұланбай ауылында, Павлодар ауданының Бірлік ауылында жаңа білім ғимараттары оқушылар игілігіне тапсырылады. Бес мектептің құрылысына жалпы сомасы 12,3 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде екі «Жайлы мектептің» құрылысына — 10,8 млрд теңге, 3 ауылдық мектептің құрылысына — 1,5 млрд теңге жұмсалды, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Баширова.

Оқушы орындарының тапшылық мәселесін шешуге бағытталған жаңа білім ұяларының құрылысына кеңірек тоқтала кетсек. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бой көтеретін қос мектеп жалпы саны 1,8 мың оқушыны қабылдайды. Оның бірі 1200 оқушыға арналып (№ 48 мектеп) «Достық» шағын ауданында салынған зәулім білім беру ғимараты болса, екіншісі Гагарин көшесінде тұрғызылып жатқан 600 оқушыға лайықталған № 47 мектеп құрылысы. «Достық» шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп салынды. Ал Гагарин көшесіндегі құрылысқа мердігерлік ұйым «VentKarkaraServis» ЖШС жауапты.

Ауылдар да ескерусіз қалған жоқ
Павлодар ауданының Бірлік ауылында тұрғызылып жатқан 120 орындық мектеп құрылысы да оқушы орындарының тапшылығын шешуге бағытталған. Анықтама ретінде айтып өтейік, Бірлік ауылында тұратын ересектер саны — 422 адам, ал балалар саны — 130. Мұнда мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын көбейіп келеді. 2022-2023 оқу жылында — 97, 2023-2024 оқу жылында — 99, ал былтыр 104 оқушы болған. Бірақ ауылда мектеп жоқ. Соған орай Бірлік ауылынан 94 бала және Жертұмсық ауылынан 45 бала күн сайын Заря орта мектебіне жеткізіліп оқытылып келді. 120 орындық жаңа мектеп ашылса бұл мәселе түбірімен шешіледі. «FirstNationalConstruction» ЖШС жауапты құрылыс жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады деп отыр.

Ал аядай ғана Тілектес ауылындағы ескі мектептің мәселесі бұрынан айтылып келген. Жергілікті білім бөліміндегілер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қамыстан салынған ғимаратты бастапқыда апатты жағдайда деп танығысы келмеген еді. Белсенді азаматтардың талап етуінің арқасында былтыр сараптама қайта тағайындалып, мектептің әбден қаусап тұрғаны дәлелденді. Осылайша 90 оқушыға, оның ішінде 20 орындық шағын орталығы бар заманға сай білім ғимаратының құрылысы жедел қолға алынды. Бұйырса, биыл қыркүйекте жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Соңғысы, Бұланбай ауылындағы жаңа мектеп өртеніп кеткен бұрынғы мектеп ғимаратының орнына салынып жатыр.

Білім беру басқармасының мәліметінше, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қазіргі уақытта жоғарыдағыларға қоса Павлодар қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы орта мектепке 288 орындық қосымша ғимарат құрылысы салынып жатыр.
Жаңа мектептер орын тапшылығын 70 пайызға азайтады
Гүлмира Башированың айтуынша, қазір Павлодарда 6308 оқушы орнының тапшылығы бар үш ауысымды 6 мектеп жұмыс істейді. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында іске қосылатын екі жаңа мектеп есебінен шаһарда 4416 жаңа оқушы орнын ашу (кейбір мектептердегі 2 ауысымдық оқыту ерекшелігін ескерсек) жоспарланған. Нәтижесінде орын тапшылығы мәселесі 70 пайызға шешіледі екен. Бұл қуантарлық көрсеткіш. Иә, қос мектептің ашылатынына қарамастан шаһардағы оқушы орындарының тапшылығы биыл да сақталып қалатыны анық. Дейтұрғанмен мәселені түпкілікті жою үшін 2026-2027 жылдары Усолка шағын ауданында жаңадан 1200 орындық мектеп салу жоспарланған. Қазір облыста 166 мектеп 2 ауысымда жұмыс істейтінін де айтып өтуіміз керек.

— Жаңадан ашылатын мектептерге педагогикалық кадрлар жасақталып жатыр. Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 96 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес, бос орындар туралы ақпараттар жарияланады. 2025-2026 оқу жылының басталуына дейін бос орындар толық жабылуы жоспарланған. Жоғарыда аталған бұйрықтың 96-тармағы кейбір жағдайда педагогтерді конкурстық рәсімнен өтпей-ақ ауыстыруға мүмкіндік беретінін айтуымыз керек. Оқушылардың белгілі бір контингенті жаңа білім беру ұйымына көшкенде әлгі сыныптарда сабақ берген, сынып жетекшілігін жүзеге асырған педагогтер бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Сондықтан жаңа білім ұяларын маманмен қамтамасыз етуде мәселелер болмауы керек, — дейді Гүлмира Қайырбергенқызы.

Қазіргі уақытта өңір бойынша орта білім беретін педагогтардың саны — 13 324 адам, оқушылар саны — 116 187 бала. Мектеп директорларының орташа жасы 43-те. Мұғалімдер арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтерге тапшылық бар. Өткен оқу жылында облысқа 229 жас педагог келген. Биыл келетін жас мамандардың толық саны қыркүйек айында белгілі болмақшы.
Қазақ тілі қанатын жайған «Достық»
Атап өтерлігі, «Достық» шағын ауданындағы заманға сай жаңа білім ошағы «Келешек мектептері» мемлекеттік бағдарламасына енген. Оның құрылысы бүгінде толық аяқталып, ашылуын күтіп тұр. Оқу ғимараты инклюзивті оқыту мен цифрландыру талаптарына сай салынған. Ерекше қажеттілігі бар балаларға жеделсаты, пандус пен тактильді жолақтар жасалған. Мұнда IT және STEM кабинеттері, өнер сыныптары, түрлі шеберханалар мен екі спорт залы бар.

— Мектеп кең, жайлы, ең бастысы оқушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Бұл мектеп 10 блоктан тұрады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары екі түрлі блоктан жеке кіре алады. Өңіріміздің өзге мектептерінде мұндай қолайлы жағдайлар жасалмағанын айтуымыз керек. Мысал үшін келешекте мұнда білім алатын балалар үзіліс уақытында кітап оқып, тыныға алады, ұлттық ойындар ойнайды. Мектеп жанында тұтастай спорт қалашығы тұрғызылған. Онда футбол және баскетбол алаңдары, хоккей корты, ойын алаңдары орналасқан. Соңғы жылы Павлодар қаласында «Достық» шағын ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда қазір жұмыс істеп тұрған бір ғана мектеп бар. Жаңа білім шаңырағы орын тапшылығын болдырмау мақсатында, оқушыларды толықтай біліммен қамтамасыз ету мақсатында салынды. Мектепте келешекте 90-ға жуық педагог еңбек ететін болады, — дейді № 48 мектеп директорының міндетін атқарушы Айнұр Бекбаева.

Бұған дейін Павлодар қаласының билігі «Достық» шағын ауданында салынып бітіп қалған жаңа «Жайлы мектепте» оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаған. Жалпы бұл жаңа аудан әрі оған қоныстанғандардың дені — өзіміздің қаракөздер.
— Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші № 21 орта мектепте және Тәшенев, Момышұлы мектептерінде, Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ шағын ауданнан тыс өзге жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жайлы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды, — деп мәлімдеді қалалық білім беру бөлімінен.

Былтыр бұл аумақта бірнеше жүз пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл 200-ден астам пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынып жатыр. Аумақтағы балалардың саны жоғарыда аталған цифрдан да еселене түсетіні анық. Жаңа мектеп есебінен көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» шағын ауданындағы 1200 орынға арналған № 21 мектепте қазір 2134 оқушы білім алып жүр. «Достықтың» балалары қатынап оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1020 орынның орнына шамамен 1500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды.

Бұған дейін Павлодарда басшысыз отырған мектептердің көбі ауылдарда орналасқаны туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ Қазақстан қалаларындағы жеке мектептерде оқу ақысы қанша тұратынын таразылып көргенбіз.