Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ертіс орманында көлік соңынан тұра жүгірген бұлан жұртты таңғалдырды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Орманшылар бұланның бұлайша ерекше мінез-құлық танытуы күйек кезеңінің басталуымен байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Бұл кезеңде жануарларды қуалауға, тамақтандыруға немесе үркітуге болмайды.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Ертіс орманы аумағында бұланның аталығы жүріп бара жатқан көлікті байқап, біраз уақыт оның соңынан жүгіргені камераға түсіп қалды.

Әдетте орман алаңқайларында айналасына мән бермей тыныш қана жайылып жүре беретін сырбаз жануардың ерекше мінез-құлқы көпті таңғалдырып отыр.

- Кадрларда ересек аталық бұлан бейнеленген. Жануардың мұндай ерекше мінез-құлқы күйек кезеңінің басталуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл уақытта аталық бұланның белсенділігі артып, өз аумағын қорғауға ерекше мән береді. Болжам бойынша, сол уақытта жақын маңда аналық бұлан жүруі де мүмкін. Аталық оны қорғауға тырысып, қозғалып келе жатқан автокөлікті ықтимал қауіп немесе қарсылас ретінде қабылдаса керек, - деп түсіндірді резерват мамандары.

Мамандар күйек кезеңінде жабайы жануарлардың мінез-құлқы тосын әрі қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді. Бұланды кездестірген жағдайда оған жақындамаңыз, көліктен шықпаңыз және оның назарын аударуға тырыспаңыз. Қауіпсіз қашықтықты сақтап, жануарға еркін кетуге мүмкіндік берген дұрыс.

Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңірінде бүгінде 300-ге жуық бұлан бар.

Күзден бастап Ертіс орманы аумағына кіру ақылы болады